2026 жылдың 25 қарашасында Алматы қаласында, Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында белгілі қазақстандық суретші, кескіндемеші, ҚР Көркемсурет академиясының академигі Марат Тұрғымбайдың «Өмір өзені» атты жеке шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді. Айтулы мәдени іс-шара аясында автордың ұлттық мұра мен қазіргі заманғы кескіндеме өнерін тоғыстырған 40-ге жуық таңдаулы туындылары көрермен назарына ұсынылады.
Марат Еңсебекұлы Тұрғымбай 1956 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында туған. 1979 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Ресей және Армения Суретшілер одақтарының құрметті мүшесі. ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық, республикалық, қалалық көрмелерді, симпозиумдарды ұйымдастырушы және қатысушысы.
Марат Тұрғымбайдың шығармашылығында ұлттық нақыш, табиғат көріністері және әйел образдары ерекше орын алады. Экспозициядан суретшінің көпжылдық ізденісі мен философиялық пайымдауларынан туған «Хан Тәңірі» триптихі, «Мәңгі дала әуені», «Даламның оянуы», «Дала сұлуының ұйқысы» және «Тоғызқұмалақ» сияқты монументалды жауһарлары орын алады. Бұған дейін «Бестерек» сияқты бірнеше сәтті жеке көрмелерін өткізген автордың туындылары Түркия, Германия, Финляндия, Ресей және Оңтүстік Корея сияқты шет елдердің халықаралық көрмелерінде жоғары бағаланып, беделді мемлекеттік және жеке коллекцияларға енген. Сондай-ақ 2014 жылы қылқалам шеберінің шығармашылық еңбектерінің ауқымды жинағы жеке кітап болып жарық көрген.
Көрменің ашылуы кезінде Марат Тұрғымбайдың еліміздің бірнеше танымал суретшілерімен бірлесіп өткізетін кәсіби шеберлік сабағы ұйымдастырылады. Бұл бірегей шығармашылық шеберхана өнерсүйер қауым мен жас дарындар үшін қылқалам құпияларымен танысып, нағыз майталмандардың жұмыс процесін тікелей тамашалауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Көрме 2026 жылдың 4 желтоқсанына дейін жалғасады.
Жұмыс уақыты: 10:00–19:00. Демалыс күні: дүйсенбі
Көрме жетекшісі: Үсентаева Айсұлу