2026 жылдың 4 мамырында Алматы халықаралық әуежайы президенті Гокер Косе мен Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың қатысуымен жедел кеңес өтті. Кездесу жақында орын алған терминалдың шатырынан су ағып, бір бөлігін су басу фактісіне байланысты өткізілді.
Кеңес барысында әуежай президенті орын алған жағдайдың ықтимал себептері және оның салдарын жою бойынша қабылданған шаралар туралы баяндама жасады.
Министр көлік инфрақұрылымы нысандарында мұндай оқиғалардың орын алуына жол берілмейтінін атап өтіп, шұғыл түрде келесі шараларды орындауды тапсырды:
- анықталған бұзушылықтар мен оқиға салдарын жою;
- орын алған жағдайдың себептеріне жан-жақты талдау жүргізу;
- болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау;
- әуежайдың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету.
Кездесу қорытындысы бойынша әуежай президенті алғашқы кезектегі шұғыл шара ретінде әуежай инфрақұрылымына толық тексеру жүргізілетінін хабарлады. Тексеру барысында шатырдан бастап ең төменгі жерасты деңгейіне дейінгі бүкіл дренаж жүйесі ықтимал техникалық сәйкессіздіктерді анықтау мақсатында мұқият қаралатын болады. Сонымен қатар, әуежай болашақта қайта су басу қаупін толық болдырмау үшін дренаж жүйесінің қуатын едәуір арттыруға бағытталған қажетті инвестициялар бөледі. Сондай-ақ терминал шатыры толық жаңартылып, жұмыстарды алты ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
Көлік министрі аталған жұмыстардың жедел орындалуының маңыздылығын атап өтіп, ведомство бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
Алматы халықаралық әуежайы жолаушылар мен қонақтарға келтірілген қолайсыздықтар үшін шын жүректен кешірім сұрайды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымның сенімділігі және қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін сақтау әуежай командасының басты басымдығы болып қала береді.