METRO AG компаниясы Қазақстандағы қызметін 2027 жылғы наурыздың соңына дейін тоқтату туралы шешім қабылдады.
Шешім METRO компаниясының халықаралық портфелін тұрақты бағалау аясында қабылданды. Елеулі инвестициялар мен компанияның нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған шараларға қарамастан, METRO Kazakhstan тұрақты өсім үшін қажетті берік негіз қалыптастыра алмады.
Қазақстандағы METRO-ның барлық алты дүкені мен жеткізу қызметі кезең-кезеңімен жабылады.
Алматы, 2026 жылғы 2 қазан. METRO AG компаниясы Қазақстан Республикасындағы қызметін 2027 жылғы наурыздың соңына дейін тоқтату туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты METRO Kazakhstan-ның барлық алты дүкені мен жеткізу қызметі кезең-кезеңімен жабылады.
Бұл шешім соңғы бірнеше айда METRO-ның Қазақстандағы бизнесінің ұзақ мерзімді перспективаларына жүргізілген талдау нәтижесінде қабылданды. Жергілікті команда METRO Kazakhstan-ның клиенттерге ұсынатын құндылығын арттыруға және көтерме сауда бизнес-моделін жергілікті нарықтың ерекшеліктеріне бейімдеуге елеулі күш жұмсады. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, компания тұрақты өсімге берік негіз қалыптастыра алмады.
«Қазір METRO Қазақстанның барлық қызметкерлері үшін өте күрделі кезең басталды, — деді METRO Қазақстанның бас директоры Месут Догукан. — Біз әріптестеріміздің соңғы он жеті жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерін мақтан тұтамыз. Барлық қызметкерлерімізге көпжылдық еңбегі мен компанияға деген адалдығы үшін, сондай-ақ іскерлік серіктестеріміз бен мемлекеттік органдарға METRO-ның Қазақстандағы қызметі барысында көрсеткен сенімі, ынтымақтастығы және қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Бүгінгі басты басымдығымыз — METRO Kazakhstan-ның 650 қызметкерінің, сондай-ақ компанияға сенім артқан клиенттеріміз бен жеткізушілеріміздің мүдделерін ескере отырып, бұл үдерісті жауапкершілікпен әрі тиісті құрметпен жүзеге асыру».
METRO Қазақстан нарығына 2009 жылғы қазанда шығып, көтерме сауда саласындағы алғашқы халықаралық компания болды. Компания жұмыс істеген жылдар ішінде дүкендер желісін, логистиканы, жеткізу тізбектерін, қызметкерлер мен іскерлік серіктестіктерді дамытуға елеулі инвестициялар салды. Бұл Қазақстанның сауда инфрақұрылымын дамытуға үлес қосты.
Соңғы жылдары METRO Kazakhstan қонақжайлылық және сауда саласындағы кәсіпорындар үшін серіктес ретіндегі позициясын нығайтты. Сонымен қатар компания көтерме сауда мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жеткізу бағытын дамытты.
Соған қарамастан, клиенттік базасы Қазақстанның кең аумағына таралған мамандандырылған азық-түлік көтерме сауда нарығында METRO Kazakhstan үшін тұрақты өсімге қажетті перспективаларды қалыптастыру қиын болып қала берді.
Өтпелі кезеңнің барлық уақытында METRO Kazakhstan қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, оларға әділ әрі құрметпен қарайды және еңбек заңнамасының барлық қолданыстағы талаптарын толық сақтайды. Сонымен қатар жергілікті басқарушы команда алдағы айларда клиенттермен, іскерлік серіктестермен және басқа да мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл жасай отырып, барлық қажетті қадамдардың жауапкершілікпен жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
Фото METRO AG