2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда алименттерді аударудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өндірілген алимент қаражаты тек алименттерді есепке алуға арналған арнайы банктік шотқа аударылатын болады.
Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 24 маусымдағы №325-VIII «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен енгізілді. Осы заңға сәйкес «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң 102-1-баппен толықтырылды.
Жаңа талаптарға сәйкес өндіріп алушы алименттерді есепке алуға арналған арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы тиіс. Өндірілген алимент қаражаты тек осы шотқа ғана аударылады.
Жаңашылдықтың негізгі мақсаты – балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес арнайы алименттік шоттағы қаражатқа тыйым салынбайды. Бұл қаражаттың өзге міндеттемелер бойынша өндіріп алуға жатпауына және тек өзінің тікелей мақсатына жұмсалуына кепілдік береді.
Жаңа тәртіп тек атқарушылық іс жүргізу аясында алимент өндірілетін жағдайларға қолданылады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәліметінше, арнайы шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайды. Алайда өндіріп алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Қажетті реквизиттер берілгеннен кейін қаражат белгіленген тәртіппен өндіріп алушыға аударылады. Бұл ретте алимент бойынша қалыптасқан берешек есептен шығарылмайды және әрі қарай есепке алынады.
Арнайы банктік шоттарды ашу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларымен реттеледі.
Сондай-ақ Әділет министрлігі арнайы алименттік шот ашатын екінші деңгейдегі банктердің тізімін және мұндай шоттардың статистикасын жүргізбейтінін атап өтті. Бұл ақпарат Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және екінші деңгейдегі банктердің құзыретіне жатады.
Жаңа нормалар алимент алушылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға және балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік беруге бағытталған.