7 тамыз күні «Miss Qazaqstan 2024» ұлттық байқауының жеңімпазы Бағым Балтабаева Вьетнамға аттанып, әлемдегі ең беделді сұлулық байқауларының бірі – «Әлем аруы – 2026» (Miss World 2026) халықаралық додасында Қазақстанның намысын қорғайды. Бұл – еліміздің мәдениетін, ұлттық құндылықтарын және жаңа буын қазақстандық қыздарының келбетін әлемге танытатын маңызды мүмкіндік.

Халықаралық байқауға дайындық бір жылға жуық уақытқа созылды. Осы аралықта Miss Qazaqstan командасы қатысушыны бірнеше бағыт бойынша әзірлеп, қайырымдылық жобасын дамытуға және халықаралық деңгейде елді лайықты таныстыруға басымдық берді.

Miss Qazaqstan – сұлулықтан бөлек, көшбасшылық мектебі

2027 жылы 30 жылдығын атап өтетін Miss Qazaqstan бүгінде тек сұлулық сайысы ғана емес, білімді, белсенді әрі қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылатын қыздардың алаңына айналды.

Miss Qazaqstan директоры Рамина Ибрагимованың айтуынша, ұлттық байқаудың басты мақсаты – халықаралық сахнада Қазақстанның лайықты өкілдерін қалыптастыру.

«Бүгінде Miss Qazaqstan – жай ғана сұлулық байқауы емес. Бұл – қыздардың көшбасшылық қабілетін дамытып, әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін ұлттық платформа. Біз халықаралық байқауларға қатысушыларды ғана емес, Қазақстан туралы заманауи көзқарасты әлемге жеткізе алатын тұлғаларды тәрбиелейміз», – дейді ол.

Оның сөзінше, «Beauty With a Purpose» («Мағыналы сұлулық») қағидасы ұлттық байқаудың негізгі құндылықтарымен толық үндеседі.

«'Әлем аруында' тек сыртқы келбетке ғана емес, интеллектіге, мінезге, қоғамдық белсенділікке және қоғамға нақты пайда әкелетін бастамаларға мән беріледі. Сондықтан Miss Qazaqstan жеңімпаздарының әрқайсысы өз қайырымдылық жобасын жүзеге асырады. Өйткені шынайы сұлулықтың артында әрдайым үлкен мағына тұрады», – дейді Рамина Ибрагимова.

Қайырымдылық – басты миссия

Бағым Балтабаеваның айтуынша, байқаудағы ең маңызды кезеңдердің бірі – өзі ұзақ уақыт бойы әзірлеген әлеуметтік жобаны таныстыру.

Жоба қиын жағдайға тап болған жалғызбасты аналар мен балалы отбасыларды қолдауға бағытталған және халықаралық Beauty With a Purpose бағдарламасы аясында ұсынылады.

«Бұл – мен үшін байқаудың ең маңызды бөлігі. Осы жобаға көп уақыт, еңбек және жүрегімнің бір бөлшегі жұмсалды. Мен сұлулықтың тек сыртқы келбетпен емес, нақты игі істер арқылы да адамдардың өміріне оң әсер ете алатынын көрсеткім келеді», – дейді Бағым Балтабаева.

Ұлттық киімдегі жаңа көзқарас

Биыл Қазақстанның ұлттық киімі де ерекше идеямен ұсынылады.

Miss Qazaqstan командасы бұл жолы дәстүрлі жауынгер әйел бейнесінен бас тартып, қазақ қызының нәзіктігі мен ішкі жан дүниесін айшықтайтын жаңа образды таңдаған.

Ұлттық киімнің негізгі символы – аққу. Ол тазалықты, адалдықты, даналықты, парасатты және рухани күшті білдіреді.

«Осы уақытқа дейін қазақ әйелінің бейнесі көбіне Томирис арқылы таныстырылып келді. Мен әлемге халқымыздың тағы бір қырын – қазақ қызының нәзіктігін, ішкі үйлесімін, көркемдігі мен тектілігін көрсеткім келді. Сондықтан ұлттық киімнің негізгі символы ретінде аққуды таңдадым», – дейді байқау қатысушысы.

Байқау талаптарына сәйкес ұлттық киімнің толық нұсқасы әзірге құпия сақталады. Белгілісі – оның негізіне ақ және көгілдір түстер алынған, авторлық кестелер мен қолдан жасалған сәндік элементтер пайдаланылған.

Қазақстанның жаңа бейнесі

Бағым Балтабаева Өскемен қаласының тумасы. Ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар педагогика саласындағы ғылыми олимпиадалардың жүлдегері және университет пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің марапаттарына ие болған.

Оның өмір жолы Miss Qazaqstan байқауы ұстанатын негізгі қағидаларды айқын көрсетеді: қазіргі қазақ қызы – білімді, мәдениетті, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін әрі үнемі дамуға ұмтылатын тұлға.

Вьетнамда өтетін бір айға жуық уақыт ішінде Бағым Балтабаева Beauty With a Purpose жобасын қорғап, таланттар байқауына, спорттық кезеңдерге, халықаралық қазылар алқасымен сұхбаттарға және түрлі мәдени іс-шараларға қатысады.

Miss Qazaqstan үшін «Әлем аруына» қатысу – тек тәж үшін талас емес. Бұл – Қазақстанды оның мәдениеті, ұлттық құндылықтары және білімді, мейірімді, елін сүйетін қыздары арқылы әлемге танытудың тағы бір мүмкіндігі. Нағыз «мағыналы сұлулық» дегеніміз – осы.

Назира Бурханова