Алматыда Израильдің Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырған «Here We Are» («Біз осындамыз») фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Кино кеші инклюзия, қабылдау, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету мәселелерін талқылауға арналды.

Израильдік режиссер Нир Бергманның «Here We Are» фильмі 2020 жылы Канн кинофестивалінің ресми бағдарламасында көрсетілген. Картина аутизм спектріндегі ұлы мен әкесінің қарым-қатынасы туралы баяндайды.

Фильмнің басты кейіпкері — ұлына үнемі қамқорлық жасап, оны түрлі қиындықтан қорғауға тырысатын әке. Ол баласының өмірін бақылауда ұстауға ұмтылады. Ал ұлы өз бетінше шешім қабылдап, дербес өмір сүруге талпынады. Осы арқылы фильм ата-ананың қамқорлығы мен баланың дербестігі арасындағы күрделі байланысты көрсетеді.

Көрсетілімге 120-дан астам қонақ қатысты. Олардың қатарында аутизмі бар адамдармен және ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін ұйымдар мен орталықтардың өкілдері, сала мамандары, қоғамдық белсенділер, дипломатиялық корпус мүшелері, Елшіліктің серіктестері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Кеш барысында Израильдің Қазақстандағы Елшісі Йоав Быстрицкий қонақтарға сөз арнады. Ол инклюзияны тек мемлекеттік саясат немесе жекелеген бағдарламалар аясында қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтті.

Елшінің айтуынша, инклюзия күнделікті өмірден — отбасынан, мектептен, жұмыс орнынан және жалпы қоғамнан басталады. Балаға сапалы білім мен жақсы мұғалім, отбасына кәсіби қолдау, ал жас адамға білім алып, еңбек етуге мүмкіндік қажет. Сондай-ақ заманауи технологиялардың адамдарға қарым-қатынас жасауға, білім алуға және барынша дербес болуына көмектесетінін атап өтті.

Кино көрсетілімінен кейін инклюзия саласында жұмыс істейтін қазақстандық сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен пікірталас өтті. Олардың қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің өкілі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшин, «Ашық әлем» қоғамдық қорының президенті, инклюзивті білім беру және ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектердің құқықтарын қорғау саласының сарапшысы Алия Архарова, сондай-ақ «Central Asian Foundation “Cerebral Palsy Life”» жеке қорының басшысы әрі тең құрылтайшысы Зауре Итенова болды.

Пікірталас барысында инклюзивті білім беру, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге қолдау көрсету, отбасыларға кәсіби көмек беру және қоғамда барша адамға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері қозғалды.

«Here We Are» фильмінің ерекшелігі — оқиғаның орталығына диагнозды емес, адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты қоюында. Әке мен баланың бір-бірін түсінуге деген талпынысы, қамқорлық пен дербестік арасындағы тепе-теңдікті табуға ұмтылысы фильмнің негізгі өзегіне айналған.

Алматыдағы көрсетілім Израиль мен Қазақстан арасындағы инклюзия саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған кеңірек диалогтың бір бөлігі болды. Израильдің Қазақстандағы Елшілігі бұл бағытта қазақстандық мамандардың Израильде білім алуына, израильдік сарапшылардың Қазақстанға келіп дәрістер мен практикалық тренингтер өткізуіне және инклюзивті жобаларды қолдауға ықпал етіп келеді.

Осылайша, бір фильмнің көрсетілімі кино кешімен ғана шектелмей, қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауға арналған пікірталас алаңына айналды. «Here We Are» оқиғасы көрермендерді отбасы, қабылдау, дербестік және әр адамның қоғамдағы өз орнын табуы туралы ойлануға мүмкіндік берді.

Назира Бурханова