2026 жылдың 20 қазаны күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ Бостандық бөлімшесінің «Кескіндеме-сурет» курсына қатысушылардың «ҚАЗАҚСТАН КҮМІС ЖАСТАҒЫ ЖАНДАРДЫҢ КӨЗІМЕН» атты шығармашылық көрмесі ашылады.
Экспозицияда 40-қа жуық кескіндеме (пейзаж, натюрморт) туындылары ұсынылған.
Көрмеде Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ Бостандық бөлімшесінің «Кескіндеме-сурет» курсына қатысушылардың шығармашылық жұмыстары ұсынылады. «ҚАЗАҚСТАН КҮМІС ЖАСТАҒЫ ЖАНДАРДЫҢ КӨЗІМЕН» атты көрме қатысушылардың шығармашылық әлеуетін танытып, өнер арқылы өмірге деген қызығушылығын, жаңа қырларын ашуға деген ұмтылысын көрсетеді. Әр туынды автордың өзіндік көзқарасы мен шығармашылық ізденісін танытып, өнермен айналысудың адамның рухани дүниесін байытып, шығармашылық қабілетін ашудағы маңызын айқындайды.
«Күміс жас» авторларының кенептерінен өмірлік тәжірибе мен жан-дүниенің толғанысы, рухани байлық пен дүниетаным, адам болмысының сан қыры көркемдік тілмен өрнек табады. Туындыларда қоршаған әлемнің сұлулығы мен табиғаттың қас-қағым сәттері қанық әрі контраст түзетін түстердің өзара үйлесімі, композициялық шешім және серпінді ырғақ арқылы көрініс тапқан. Пейзаж жанрындағы шығармалардан табиғат құбылыстарының бір сәттік қалпын бейнелей отырып, уақытты тоқтатуға, сол мезеттегі кеңістіктің өзіндік тынысын сезіндіруге деген ұмтылыс аңғарылады. Табиғаттың тылсым сырын танып, оны терең сезіну және көрерменге әсерлі көркем тілмен жеткізу – пейзаж өнерінің басты ерекшеліктерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, көрмеге қойылған туындылар табиғат көріністерін ғана бейнелеп қана қоймай, авторлардың қоршаған әлемді өзінше қабылдап, сезіну ерекшелігін де танытады.
Көрме кәсіби суретші, «Кескіндеме-сурет» курсының жетекшісі Мақпал Құдабаеваның жетекшілігімен қатысушылардың шығармашылық ізденістері негізінде ұйымдастырылды. Курс сабақтарында қатысушылар кескіндеме мен сурет өнерінің негіздерін меңгеріп, көркемдік қабілеттерін шыңдауға, ой-пікірін бейнелеу өнерінің тілі арқылы еркін жеткізуге мүмкіндік алады. Ұсынылған туындылар өнердің адам өмірінің қай кезеңінде де шығармашылыққа жол ашып, жаңа қырларын танытуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен 2022 жылы құрылды. Орталық зейнеткерлердің белсенді өмір салтын қолдауға, олардың қызығушылықтарын дамытуға және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған әлеуметтік, шығармашылық, білім беру және сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асырады. 2024 жылдан бастап орталықтың Бостандық ауданында екі, Медеу ауданында бір бөлімшесі жұмыс істейді. Бүгінде орталықта зейнеткерлер қазақ және ағылшын тілдерін үйрену, домбыра тарту, би, актерлік өнер, йога, сауықтыру гимнастикасы, цигун, тайчи және бейнелеу өнері бағыттары бойынша сабақтарға қатыса алады. «Кескіндеме-сурет» курсы – орталықтағы шығармашылық бағыттардың бірі.
Іс-шара бағдарламасында:
- көрменің салтанатты ашылуы және ұйымдастырушылардың құттықтау сөздері;
- көрме авторларымен шығармашылық кездесу;
- Қазақстанның көрікті жерлері бейнеленген панорама аясындағы көркем фотозона.
Ұйымдастырушылар алматылықтарды, қала қонақтарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және өнер сүйер қауымды көрменің ашылу салтанатына шақырады.
Көрме қазан айының 27-сіне дейін жалғасады.
Көрме кураторы: Жуваниязова Гүлнар Қуандыққызы
ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнертану магистрі,
Музей педагогикасы және экскурсиялық қызметі бөлімінің жетекшісі