2026 жылғы 11 қарашада сағат 11:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Абдолла Қарсақбаев – қазақ киносының құлагері» атты көрме ұйымдастырылады. Мерейтойлық шара ЮНЕСКО аясында аталып өтуде.
Абдолла Қарсақбаев – ұлттық кинематографияның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан, қазақ киносының көркемдік деңгейін жаңа белеске көтерген режиссер. Оның туындыларында халықтың рухани дүниесі, ұлттық дәстүрі мен болмысы, адамгершілік құндылықтар және бала әлемінің ерекшеліктері терең көрініс тапқан.
Режиссер шығармашылығының ең танымал туындыларының бірі – «Менің атым Қожа» фильмі. Бұл картина қазақ киносының алтын қорынан орын алып қана қоймай, балалар киносының әлемдік классикасына айналды. 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен халықаралық кинофестивальде фильм жоғары бағаланып, Құрметті дипломмен марапатталды. Бұл жетістік қазақ кинематографиясының халықаралық деңгейде танылуына жол ашқан маңызды оқиғалардың бірі болды.
Көрменің басты мақсаты – көрнекті режиссердің өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру, ұлттық кино тарихына деген құрметті арттыру, өскелең ұрпақтың мәдени танымын қалыптастыру және қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің еңбегін дәріптеу.
Абдолла Қарсақбаевтың фильмдері шынайылығымен, қарапайым баяндау мәнерімен, бала психологиясын нәзік жеткізуімен және ізгілікке үндейтін мазмұнымен ерекшеленеді. Режиссердің шығармашылық мұрасы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі ретінде бағаланып келеді.
Мерейтойлық бағдарлама аясында режиссердің өмірі мен шығармашылығына арналған таныстырылым, архивтік құжаттар мен фотосуреттер көрмесі, фильмдерінен үзінділер көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылады.
Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойы – қазақ киносының бай тарихын қайта зерделеп, ұлттық өнердің көрнекті өкілдерінің мұрасын жас ұрпаққа танытуға бағытталған маңызды мәдени шара.
Режиссердің экран өнерінде қалдырған өшпес ізі мен шығармашылық мұрасы қазақ киносының тарихында мәңгі сақталып, келер ұрпаққа рухани құндылық ретінде қызмет ете бермек.