Алматыда өткен Kazakhstan Fashion Week-тің 39-маусымы екі күн бойы сән әлемінің назарын өзіне аударды. Подиумда қазақы нақыш заманауи үлгіде жаңғыртылып, классикалық костюмдер жаңа пішінге енді, ал трансформацияланатын киімдер мен тосын фактуралар дизайнерлік ізденістің негізгі бөлігіне айналды. Биылғы маусымның басты ерекшелігі – сәнді тек сыртқы сұлулық ретінде емес, адамның болмысы мен мәдени жадын жеткізетін шығармашылық тіл ретінде көрсетуі.

27–28 қазан күндері Алматыда өткен Kazakhstan Fashion Week-тің 39-маусымы отандық және шетелдік дизайнерлердің жаңа топтамаларын бір подиумға жинады. Екі күнге созылған сән көрсетілімі әртүрлі эстетикалық бағытты тоғыстырып, бүгінгі fashion-индустрияның қай арнада дамып келе жатқанын аңғартты. Бір дизайнер әйел табиғатының сан қырын киім арқылы бейнелесе, екіншісі ұлттық мұраға заманауи көзқараспен қарады. Тағы бірі классикалық гардеробты қайта құрастырып, күнделікті киімге авангардтық сипат берді.

Сән апталығының биылғы маусымын бір ғана стильмен сипаттау қиын. Подиумда романтика мен гранж, минимализм мен максимализм, этнодизайн мен қалалық эстетика қатар көрінді. Дегенмен барлық топтаманы байланыстыратын ортақ желі болды: дизайнерлер дайын қалыпқа бағынудан гөрі, өздерінің көркемдік тілін қалыптастыруға ұмтылды.

Ұлттық код – музейлік жәдігер емес, заманауи гардеробтың бір бөлігі

39-маусымда айқын байқалған бағыттардың бірі – ұлттық мәдени мұраны бүгінгі сән тілімен қайта түсіндіру. Бұл жолы дизайнерлер дәстүрлі киімді сол күйінде қайталауға тырысқан жоқ. Керісінше, ою-өрнек, қолөнер техникасы, тарихи бейнелер мен ұлттық киімге тән пішіндер заманауи силуэттерге енгізілді.

Мұндай тәсіл этнодизайнның жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Ұлттық нақыш тек мерекелік киімнің немесе сахналық образдың бөлшегі болудан қалып, күнделікті гардеробпен де үйлесетін дизайнерлік шешімге айналып келеді. Бұл – мәдени мұраны сақтаудың ғана емес, оны жаңа буынға түсінікті әрі тартымды етудің бір жолы.

Назым Карпикова ұсынған ARUNAZ топтамасы заманауи әйелдің көпқырлы болмысына арналды. Күзгі топтамада қанық реңктер, айқын фактуралар мен ұсақ бөлшектерге деген мұқият көзқарас үйлесім тапты. Романтикалық нәзіктік пен ішкі сенімділік бір-біріне қарсы қойылмай, бір образдың бойынан көрінді. Бұл жерде әйелдік болмыс бір ғана қалыпқа сыймайды: ол бірде жұмсақ, бірде ұстамды, енді бірде батыл болуы мүмкін.

KARLAKOSBY брендінің негізін қалаушы Карлыгаш Косбаева IDENTITY топтамасында қазақ даласының бейнесін бохо эстетикасымен және Wild West стилімен ұштастырды. Қолмен кестелеу, тоқу, жүнмен жұмыс істеу және матаны авторлық әдіспен бояу сияқты тәсілдер топтаманың көркемдік сипатын айқындады. Мұнда қолөнер киімнің сыртқы әшекейі ғана емес, оның идеялық мазмұнының бір бөлігіне айналған. Дала мәдениеті мен еркін мінездің тоғысуы топтамаға өзіндік ерекшелік берді.

NAQYSH бренді мен дизайнер Ғани Кубеев қазақтың ұлттық киіміне заманауи көзқарас ұсынуды жалғастырды. Дәстүрлі оюлар, таныс силуэттер мен мәдени белгілер ықшам пішімдермен, құрылымды формалармен және қабаттап кию тәсілімен үйлескен. Мұнда ұлттық нақышты бірден көзге түсетін сәндік элемент ретінде көрсету міндет емес. Ол киімнің жалпы құрылымына табиғи түрде енгізілген.

Ресейлік GA GRIGORIEVA ANNA STUDIO дизайнері Анна Григорьева да мәдени мұра тақырыбына жүгінді. Оның шығармашылық бағыты Сібір дәстүрлерімен, этнодизайнмен және қолөнер әдістерімен байланысты. Тарихи символдар мен оюлар заманауи пішім және архитектуралық крой арқылы жаңаша сипат алды. Осылайша дизайнер мәдени жадты тікелей қайталаудан гөрі, оны форма мен бөлшектер арқылы жеткізуге басымдық берді.

Бірінші күн: әйелдік болмыс пен архитектуралық силуэттер

Сән апталығының алғашқы күні подиумда бір-біріне ұқсамайтын дизайнерлік көзқарастар көрінді. Классикалық костюм жаңа құрылымға ие болса, күнделікті киім авангард элементтерімен толықты. Ал кейбір топтамалар әйелдік образды нәзіктікпен ғана шектемей, оның ішкі күшін де алға шығарды.

SKYBORN BY SOKOLOVA NATALIYA брендінің көрсетілімі классикалық костюмге жаңаша қарауға мүмкіндік берді. Мұнда костюм дәстүрлі іскерлік гардероб шеңберінен шығып, архитектуралық силуэттері мен күрделі фактуралары арқылы дербес сәндік нысанға айналды. Қара мен ақтың контрастына құрылған шешімдер киімнің құрылымын айқындай түсті. Бұл топтамада басты назар артық декорға емес, пішіннің өзіне аударылды.

Осы көрсетіліммен бірге Арайлым Сүйімбай негізін қалаған ARAIÈ бренді де ұсынылды. Оның бағыты – күнделікті киімді функционалдық және авангардтық эстетикамен үйлестіру. Қабаттап кию, заманауи пропорциялар мен ойластырылған детальдар қарапайым қалалық гардеробқа жаңа сипат береді. Ұлттық мұраға жасалған нәзік сілтемелер де осы заманауи стильдің табиғи бөлігі ретінде көрінді.

TAMARA LAMANUKAEVA топтамасында әйелдік болмыс элеганттылық пен қозғалыс арқылы ашылды. Платье, құрылымды жакеттер, қауырсынмен безендірілген белдемшелер, твид және жібек костюмдер бір топтаманың ішінде түрлі көңіл күй қалыптастырды. Сұр, көгілдір, нәзік қызғылт және қанық қара түстердің үйлесімі образдарға жинақылық пен айқындық берді. Дизайнер нәзіктікті тек романтикалық киіммен шектемей, оны қатаң пішімдермен де жеткізуге болатынын көрсетті.

ALEXEY CHZHEN топтамасында материалдың табиғаты мен фактурасына ерекше мән берілді. Мата киімнің жай ғана негізі емес, образдың өзіндік мінезін қалыптастыратын құрал ретінде қарастырылды. Қол жұмысы, кесте және ерекше бөлшектер заманауи силуэттермен үйлесіп, киімнің әр элементіне назар аудартты.

Адиля Ботабаеваның YANG LAIN бренді трансформацияланатын гардероб идеясын ұсынды. Бірнеше тәсілмен киюге болатын, стилизация арқылы өзгеретін киімдер функционалдылық пен жеке стильді қатар алып жүреді. Сонымен бірге бренд қазақстандық бас киімдер маркасы Anna Bask және кореялық VELY VELY косметикалық брендімен ынтымақтастық таныстырды. Мұндай коллаборациялар сән индустриясында әртүрлі бағыттардың бір-бірін толықтырып, жаңа аудиторияға жол ашатынын көрсетеді.

Назар Алмазбековтің топтамасы минимализм мен күнделікті киюге бейім авангардтың арасынан орын алды. Монохромды палитра, асимметрия және геометриялық силуэттер киімнің негізгі көркемдік құралына айналды. Артық сәндік элементтерге жүгінбей-ақ, дизайнер пропорция мен пішін арқылы образдың мінезін көрсетті.

Меруерт Шакербаева мен Светлана Сохорева жұмыс істейтін SHAKERBAY бренді әйелдің жеке тарихы мен даралығына назар аударды. Ал әшекейлерді Аида Дүйсен әзірледі. Топтамадағы қабаттылық пен бөлшектерге мән беру адамның өмірлік тәжірибесін, сезімі мен естеліктерін бейнелейтін көркем тәсіл ретінде ұсынылды. Киім мұнда сөзсіз-ақ адамның ішкі әлемін жеткізе алатын тілге айналады.

Екінші күн: фольклор, гранж және әлемдік сән мұрасына құрмет

Екінші күннің көрсетілімдерінде мәдени тақырыптармен қатар, еркін стиль, фольклорлық сюжеттер, минимализм және классикалық сәннің жаңа интерпретациялары көрінді. Бірі қазақтың халық ертегісіне жүгінсе, енді бірі шығыс эстетикасын батыстық сән қозғалыстарымен біріктірді.

YERLAN ZHOLDASBEK топтамасында шығыс пен батыстың стильдік ерекшеліктері тоғысты. Табиғи маталар, қолмен тігілген кестелер, кең пішімдер мен қабаттап кию тәсілі хиппи және гранж элементтерімен үйлескен. Нәтижесінде дәстүрлі мотивтерге заманауи еркіндік қосылып, күнделікті киюге жақын, бірақ өзіндік мінезі бар образдар қалыптасты.

Ресейлік дизайнер София Ситникованың MUTE бренді PRESSURE топтамасын ұсынды. Алты образдан тұратын коллекцияның негізіне қалалық киім үлгілері алынған. Алайда графикалық шешімдер, ерекше пішіндер мен контраст бөлшектер таныс гардеробқа өзгеше сипат берді. Дизайнер күнделікті киім мен эксперименттік сәннің арасындағы шекараны зерттеп, қарапайым форманы жаңа пропорциялар арқылы өзгертуге тырысты.

Айгерім Мадали MADALI брендімен қазақтың «Қырық өтірік» халық ертегісінен шабыт алған QYRYQ ÖTIRIK топтамасын көрсетті. Халық ауыз әдебиетіндегі қиял, әсірелеу мен абсурдқа құрылған сюжет бұл жолы сән тіліне көшті. Төрт әйел және екі ер адам образынан тұратын топтамада пішін мен пропорция арқылы ертегінің ойынқұмар табиғаты жеткізілді. Бұл – ұлттық фольклорды тек әдеби немесе сахналық кеңістікте қалдырмай, заманауи киім дизайнына енгізудің қызықты үлгісі.

AINASH QARA «ПАРАСАТТЫ» топтамасында әйелдің ішкі мәдениеті, ұстамдылығы және ұлттық тамырымен байланысы туралы ой қозғады. Қоңыр түстер, дәстүрлі оюлар мен күнделікті киюге ыңғайлы заманауи силуэттер бір-бірін толықтырды. Мұнда ұлттық болмыс көзге бірден түсетін мол декор арқылы емес, түстердің үйлесімі мен ұсақ детальдардан байқалады.

Ресейлік JENYABER брендінің негізін қалаушы Евгения Березуцкая «Ив» топтамасын ұсынды. Шабыт көзі – биыл туғанына 90 жыл толатын әлемдік сән тарихындағы әйгілі дизайнер Ив Сен-Лоранның шығармашылығы. Қара, қою көк, кобальт реңктері мен қызыл раушан бейнесі топтаманың түс палитрасын қалыптастырды. Айқын сызықтар мен фактуралар қатаңдық пен нәзіктікті қатар көрсетті.

Бұл топтама сән тарихына құрмет білдірумен ғана шектелмейді. Ив Сен-Лоран әйел гардеробы туралы түсінікті өзгерткен дизайнерлердің бірі болды. Оның мұрасына қайта үңілу арқылы JENYABER классикалық эстетиканы бүгінгі көзқараспен пайымдауға тырысты.

SUHROB HABIB топтамасында минимализм, элеганттылық және функционалдылық басым болды. Дизайнердің Италияға жасаған сапарлары шығармашылық шабыт көзіне айналған. Классикалық костюмдер, ықшам силуэттер мен пастель реңктері күрделі декорсыз-ақ әсерлі образ қалыптастыруға болатынын көрсетті. Бұл топтамада киімнің сапасы мен үйлесімділігі алдыңғы орынға шықты.

DM BY DINA MARAT брендімен Дина Марат «Новое дыхание» топтамасын ұсынды. Дизайнер күш пен сезімталдықтың арасындағы байланысты зерттеп, былғары, шілтер және үлбір материалдарын бір кеңістікте тоғыстырды. Он төрт образдың жетеуі әйелдерге, жетеуі ерлерге арналған. Қарама-қайшы фактуралар топтамаға батылдық пен тартымдылық сипат берді.

Ресейлік 8HUGS бренді «Элемент 8.2» топтамасында гардеробты трансформациялау идеясын жалғастырды. «Қара капсула» мен ретро-ирония бағыттары бір коллекцияда тоғысты. Киімнің пішінін, қызметін және жалпы әсерін өзгертуге мүмкіндік беретін шешімдер ерекше назар аудартты. Подиумда киімнің трансформациялануы оның тек дайын образ емес, қозғалыс пен өзгеріске бейім нысан екенін көрсетті.

Қырғызстандық дизайнер Залкар Аскарәлидің ZALKAR бренді ұлттық мәдени мұра мен заманауи сәнді ұштастырды. Бренд киім дизайны мен зергерлік өнердің тоғысқан тұсында жұмыс істейді. Қырғыз халқының дәстүріне сүйенген этникалық мотивтер жаңа пішін мен көркемдік шешім арқылы ұсынылды. Бұл тәсіл ұлттық элементтерді заманауи дизайнерлік тілдің негізіне айналдыруға мүмкіндік береді.

AIDA KAUMENOVA: жиырма жылдық тарих және Ұлы дала бейнесі

39-маусымның ең маңызды оқиғаларының бірі – AIDA KAUMENOVA сән үйінің 20 жылдығына арналған арнайы көрсетілімі болды. Қазақстандық сән индустриясында өзіндік орны бар дизайнер бұл жолы Ұлы дала бейнесіне, тарихи образдарға және ұлттық мәдени мұраның заманауи түсіндірмесіне жүгінді.

Топтаманың орталық кейіпкері – Ару Сұлтан. Ұлы даладан шыққан жас қыздың 14–16 жасында Еуропаға тап болуы арқылы дизайнер мәдениеттердің кездесуін, екі түрлі дүниетанымның тоғысуын бейнелейді. Кейіпкердің бейнесінде қазақы тамыр мен өзге мәдени ортаға ашықтық қатар көрініс тапқан.

Коллекция үшін арнайы авторлық өрнегі бар жаккард матасы әзірленген. Ал бас киімдер Умай ана бейнесінен шабыт алып жасалған. Бұл шешімдер топтаманың тарихи және мәдени мазмұнын күшейте түсті. Мұнда ұлттық мұра өткен дәуірдің белгісі ретінде ғана емес, бүгінгі сәннің көркемдік негізі ретінде ұсынылады.

AIDA KAUMENOVA сән үйінің жиырма жылдық жолы да осы тұрғыдан маңызды. Қазақстандық дизайнерлік мектептің қалыптасу кезеңін, ұлттық нақыштың сән индустриясындағы орнын және оның халықаралық деңгейде танылу мүмкіндігін бір топтаманың аясында көрсету – мерейтойлық көрсетілімге ерекше мән берді.

Подиумнан тыс: сән индустриясы туралы ашық әңгіме

Kazakhstan Fashion Week бағдарламасы тек сән көрсетілімдерімен шектелген жоқ. Екі күн бойы өткен Public Talk кездесулерінде сән индустриясының бүгінгі жағдайы, технологияның ықпалы, жас дизайнерлердің мүмкіндіктері және халықаралық тәжірибе талқыланды.

27 қазанда Kazakhstan Fashion Week негізін қалаушы әрі бас продюсері Саят Досыбаев әлемдік сән индустриясы, халықаралық сән апталықтары және белгілі дизайнерлермен кездесулер туралы әңгімеледі. Оның ішінде Ив Сен-Лоранмен кездескен сәттері де сөз болды.

Алина Гуторева сән саласына технологиялардың ықпалын, дизайнерлердің шығармашылық жұмысында және брендтерді дамытуда жаңа құралдардың қолданылуын талқылады. Ал AIDA KAUMENOVA сән үйінің негізін қалаушы Аида Кауменова жиырма жылдық кәсіби жолы, шабыт көздері және қазақстандық дизайнның даму мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.

28 қазанда Жибек Зеңгір сән оқиғаларын тікелей эфирде көрсету, стриминг платформаларымен жұмыс істеу және онлайн аудиториямен байланыс орнату тақырыбын қозғады. Ельжан Көшекбаев жасанды интеллектінің fashion-индустрияға әкеліп отырған жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.

Адиля Ботабаева халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, Нью-Йорктегі Parsons School of Design оқу орнында білім алған кезеңі және шетелдік индустрия өкілдерімен байланысы туралы әңгімеледі. Оңтүстік Корея өкілімен тәжірибе алмасу да кездесудің маңызды тақырыптарының бірі болды.

Бұл талқылаулар сән апталығының кәсіби қырын толықтырды. Өйткені қазіргі сән индустриясы тек дизайнер мен подиумнан тұрмайды. Оған технология, медиа, маркетинг, білім беру, өндіріс және халықаралық байланыс сияқты көптеген бағыт әсер етеді. Жасанды интеллектінің шығармашылық үдеріске енуі де осы өзгерістердің бір көрінісі.

Fashion-индустрияның бүгінгі бағыты: не өзгеріп жатыр?

39-маусымның екі күнін біртұтас қарастырғанда бірнеше маңызды тенденцияны байқауға болады.

Біріншіден, ұлттық нақыш жаңа сипатқа ие болуда. Қазақы ою, дәстүрлі силуэт, қолөнер техникасы мен фольклорлық сюжеттер заманауи киімнің құрамына еніп келеді. Дизайнерлер ұлттық мәдениетті дайын үлгі ретінде қайталамай, оны өздерінің шығармашылық тіліне айналдыруға ұмтылады.

Екіншіден, киімнің функционалдығы мен трансформациялануы маңызды бола түсті. YANG LAIN және 8HUGS топтамаларынан көрінгендей, бір киімді бірнеше тәсілмен кию, образды өзгерту және гардеробты икемді ету идеясы өзекті. Бұл заманауи адамның өмір салтына да сәйкес келеді: киім әдемі ғана емес, қолайлы әрі көп қызмет атқаруы керек.

Үшіншіден, силуэт пен фактура дизайнерлік ойдың басты құралына айналып отыр. Архитектуралық пішіндер, асимметрия, қабаттылық, күрделі материалдар мен қол жұмысы образдың өзіндік мінезін қалыптастырады. Кей жағдайда артық әшекейдің қажеті жоқ – киімнің құрылымы мен пропорциясы-ақ жеткілікті.

Төртіншіден, әйел бейнесі біржақты түсіндірілмейді. Топтамаларда нәзіктік пен күш, еркіндік пен ұстамдылық, романтика мен батылдық қатар көрінді. Қазіргі дизайнерлер әйелді белгілі бір стильге немесе әлеуметтік рөлге сыйғызбай, оның көпқырлы болмысын көрсетуге тырысады.

Бесіншіден, сән индустриясы технологиямен жақындасып келеді. Жасанды интеллект, цифрлық платформалар, стриминг және жаңа коммуникация тәсілдері дизайнерлердің жұмысын ғана емес, сәнді көрсету мен тұтыну мәдениетін де өзгертуде.

Ал халықаралық тәжірибе мен шетелдік дизайнерлердің қатысуы қазақстандық сән нарығының сыртқы әлеммен байланысын кеңейте түседі.

Қазақстандық сәннің жаңа кезеңі

Kazakhstan Fashion Week 24 жылдық тарихында халықаралық сән алаңына айналып, осы уақытқа дейін 750-ден астам топтаманың көрсетілуіне және 41 елден дизайнерлердің қатысуына мүмкіндік берген. Бұл деректер жобаның ауқымын ғана емес, Қазақстандағы сән индустриясының біртіндеп қалыптасып, дамып келе жатқанын да көрсетеді.

39-маусым осы жолдың жалғасы болды. Екі күн ішінде ұсынылған топтамалар қазақстандық сәннің бір ғана бағытпен шектелмейтінін көрсетті. Бір дизайнер ұлттық мұраға сүйенсе, екіншісі әлемдік сән тарихынан шабыт алды. Бірі күнделікті киімге жаңа көзқарас ұсынса, енді бірі подиумды жеке шығармашылық манифестке айналдырды.

Ең маңыздысы – ұлттық болмыс пен заманауи сән бір-біріне кедергі келтірмейтінін байқадық. Керісінше, мәдени тамырды терең түсіну дизайнерге өзіндік стиль қалыптастыруға көмектеседі. Ал сол ерекшелікті әлемдік сән тілімен жеткізе білу – бүгінгі қазақстандық дизайнерлердің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

39-маусымның басты әсері де осында: сән – тек киім таңдау емес, ол адамның өзін таныту тәсілі, мәдениетпен байланысы және заман өзгерісіне берген жауабы. Алматы подиумында осы ой әр дизайнердің өз тілімен айтылды.

Назира Бурханова
Фото Koterev.Pro