Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінде 2025 жылдың 28 ақпаны күні сағат 15:00 де ақын, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 165 жыл толуына орай «Ер туралы жыр» мәдени-танымдық іс-шарасы өтеді.

Нұрпейіс Байғанин – 1860 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданында туған. 15-16 жасында «бала жыршы» атанып, айтысқа түсіп, батырлық жырларын үйренеді. Шернияз, Махамбет, Қашаған сынды ақын-жыраулардың толғауларын жатқа айтып, олардың шығармашылығын жұртшылыққа кеңінен дәріптеп, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қырымның қырық батыры» сияқты 50-ден астам эпосты жырлап, олардың елеусіз қалмауына зор еңбек сіңірген. Ақынның белгілі туындылары «Қарасай – Қази», «Нарқыз», «Ақкенже» дастандары.

Ұлы Отан соғысы туралы жазған «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» секілді отты поэмалары жауынгерлерге айрықша күш-қайрат беріп, осылайша Жеңіс күнін жақындатты.

Шараның мақсаты: жас ұрпаққа ақын әрі жырау шығармашылығын насихаттап, өлеңдерімен сусындату, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау.

Көрермен назарына музей қорында сақталған Нұрпейіс Байғаниннің фото-құжаттары ұсынылады. Атаулы шараға Нұрпейіс Байғаниннің шөбересі Ерболат Момынұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікқазы Сыбанбайұлы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология орталығының директоры, ф.ғ.к Жұмашай Сайлауқызы, Публицист, сценарист Қалдыгул Әкімжанқызы және т.б. ғалымдар қатысады.

Сонымен қатар, шараға Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика, филология факультетінің студенттері, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттері көреремен ретінде шақырылды.