2025 жылдың 05 наурызы күні Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік  орталық музейінде «АЛТЫН АДАМНЫҢ МҰРАСЫ»  көрмесі  ашылады.  Көрме жұмысы кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанындағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасап, 25 том кітап жазған жаратылыстанушы ғалым, адамзаттың 50000 жылдық тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінге жеткізген бірегей зерттеуші – Мағрипа Жылқыбаеваның 80-жылдық мерейтойына арналады.

Мағрипа Жылқыбаева – оптикалық кристалдарға радиацияның әсері жайында кешенді зерттеу жүргізген әлемдегі тұңғыш ғалым. Осы ғылыми еңбек қорғалған кезден бергі уақыт аралығында В.А. Федоров, Т.Н. Плужникова, Р.А. Кириллов, О.П. Матвеева, И.В. Нефедова, Е.Ф. Полисадова, В.И. Корепанов, т.б. жаратылыстану салаларындағы  ғалымдар Мағрипа Жылқыбаеваның еңбегі негізінде зерттеулер жүргізіп, өздерінің ғылыми жұмыстарына, диссертацияларына ғалым еңбегін арқау еткен. 

Мағрипа Жылқыбаева – Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жыл зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик. 1989 жылдан бастап Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын оптика ілімі арқылы зерттеумен айналысқан ғалым еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің шифрын ашты. Петроглифтерді, көне заман жәдігерлеріндегі шифрлы жазуларды кванттық оптиканың көмегімен оқу əдісі – Мағрипа Жылқыбаеваға тиесілі.

Отыз жылдан астам уақыт бойы жартастардағы геометриялық фигураларды кванттық физика арқылы зерттеп, жер бетіндегі географиялық атаулардың, этнонимдердің этимологиялық кодын тапқан ғалым оптикалық əдістермен Арасандағы және Іле бойындағы Будда жазуларын, Жетісу жартастарындағы көне таңбалар мен петроглифтерді расшифровкалап, тексін шығарған.

2019 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан Мағрипа Жылқыбаеваның елу жылдық ғылыми-шығармашылық еңбегінің нәтижесі – «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын көлемді кітаптары басылып шықты. 2024 жылы «Жамбылдың жұмбақ әлемі» деп аталатын еңбегі «Evo Press» баспасынан жарық көрді.

Мағрипа Жылқыбаева – қазақтың атын әлемге танытқан ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың елге беймәлім болып келген құпия қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеген республикадағы жалғыз жаратылыстанушы ғалым. 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Қазақ бақсы-балгерлері» деп аталатын жинаққа ғалымның Жамбылдың ерекше қабілеті жайында жазылған «Құпия күш құдіреті» деп аталатын мақаласы енген. Сондай-ақ «Жамбылдың жұмбақ сырлары» («Жас қазақ», №48, желтоқсан 1993 жыл), «Жамбылдың жасырын қасиеттері. Жамбылдың күнжайлатар қасиеті туралы» («Жас алаш», 17 наурыз 1994 жыл), «Құпия күштер құдіреті немесе ұлы Жамбылдың тағы бір қасиеті хақында» («Алматы ақшамы», №82, 7 сәуір 1992 жыл.), «Жамбылдың биоөрістік қабілеті жайында» («Жас алаш», 27 ақпан 2020 жыл),  «Жамбылдың жолбарысы» («Ана тілі», 27 ақпан 2020 жыл), т.б. ғылыми-танымдық мақалалары жарияланған. 

Көрмеде  Мағрипа Жылқыбаеваның жеке заттары мен ғылыми еңбектері қойылады. Сонымен қатар, көрменің ашылу салтанатында "Үш қиян" баспасының  директоры Махмут Қосмамбетов жаратылыстанушы ғалым Мағрипа  Жылқыбаеваның Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын расшифровкалау нәтижесінде жазып шыққан "Алтын адамның аманаты", "Алтын адамның мұрасы", "Құпия күштер құдіреті" деп аталатын кітаптарының таныстырлымын өткізеді.

Көрме 2025  жылдың  05 – 21 наурызы   аралығында өтеді.