Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2025 жылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, сағат 14:00-де «Яблоневая палитра» кәсіби суретшілер қауымдастығының «Судағы шеңберлер» шығармашылық көрмесін ашады.

1 мамыр Қазақстан Республикасы халқының ынтымағы мен бірлігін, достық қарым-қатынасын нығайтатын айтулы мереке. Бұл күн әртүрлі ұлттардың, мамандықтардың, діни конфессия өкілдерін, сондай-ақ еліміздің барлық суретшілері мен шығармашыл тұлғаларын біріктіреді. Әр көктем сайын суретшілер жүректерінен шыққан жаңа өнер туындыларын жарыққа шығарады және жыл сайын көрменің тақырыбы өзгеріп тұрады. «Судағы шеңберлер» көрмесі символдық мәні зор, терең философиялық мағынаға ие.

Аталмыш көрмеге кескіндеме, графика шеберлері қатысып, ғаламды шексіз айналым түрінде бейнелейтін 100-ге жуық шығармаларын ұсынады. Шеңбер –  әрқашан өмірдің белгілі бір тепе-теңдігін сақтайтын табиғат үйлесімі. Ол табиғат аясындағы су әлемінде кенеттен пайда болып, көзден ғайып болып кететін құбылыстардың мәңгілік айналымы. Судың бетіне жайыла таралған шеңбер – өзінің мәні бойынша жердегі өмірмен, ал табиғаттағы  айналым «биоцентризммен» тікелей байланысты.

Әр суретшінің дүниені қабылдауы әртүрлі. «Судағы шеңберлер» тақырыбына бойлаған суретшілер бұл құбылысты реалистік тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, философиялық және экологиялық көзқараспен де бейнелейді. Су бетінде таралған шеңберлер – кеңістікке таралатын ойлар секілді сезімдерді оятып, естеліктерді тудырады. Бұл адамзаттың табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі мен байыпты қарым-қатынасына арналған тақырып.  

«Судағы шеңберлер» көрмесіне «Яблоневая палитра» қауымдастығының 40-қа жуық кәсіби суретшілері қатысады.

Олардың құрамында ҚР Суретшілер одағының мүшелері, Қазақстанның өнер қайраткерлері, ҚР Өнер Академиясының мүшелері, "Яблоневая Палитра" КСҚ белсенді қатысушылары бар. Олардың қатарында:  Марлан Нысанбаев, Лидия Дроздова, Игорь Гущин, Георгий Макаров, Перизат Есназарова, Ибрагим Кубеков, Мақсат Қантарбаев, Фурса Елена, Александр Ророкин, Серік Тайнов, Гүлнар Сүйінбаева, Ли Георгий, Лариса Саванькина, Киянова Ирина, Юрий Самаркин, Елена Попова, Андрей Латынин, Максим Ведерников және басқа да өнер шеберлері бар.

Көрме 2025 жылдың 11 мамырына дейін жалғасады.