2025 жылдың 15 тамыз күні, сағат 16.00 де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші Асқар Ахаманның «REVERSE» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Экспозицияда суретшінің 60 тан аса кескіндеме туындылары көрмеленеді.

Суретші Асқар Ахаманның «Кері» / «Reverse» атты жеке көрмесі – автордың өзіндік көркемдік тілінің, терең философиялық ізденістерінің және шығармашылық эволюциясының айқын көрінісі. Автордың өзіндік ерекшелігі – нақты сызықтар арқылы келтірген бейнелер мен олардың іс-әрекеттегі қозғалысы композициялық тұтастығында көрініс табады. Әрбір туынды – дүниенің тылсым құпиялары мен рухани тереңдіктеріне үңілуге шақыратын көркем идеялардың синтезі. Суретші шығармаларында мифологиялық, символикалық және философиялық мотивтер адам мен әлем, рух пен материя, уақыт пен кеңістік сияқты мәңгілік тақырыптарды қозғайды. Суретшінің туындылары өткенді меңзей келе бүгінгі ақиқаттың өзектілігін ұлттық рухани кеңістігінің құндылығын әуендетеді.

Асқар Ахаманның шынайы өмірдің тынысынан сыр шерткен композициялық идеялары және сол тіршілік құбылысының мәңгі жалғасатын болмысы көрерменді ішкі рухани ізденіске бағыттайды. Айталық, «Үнсіздік», «Қара шаңырақ», «Жалғыздық белгілері», «Күту», «Түс», «Әкелер жолы», «Өмірдің басталуы» және т.б туындыларындағы пішіндер мен түстер, кеңістік пен уақыт қозғалысы адам пендесінің өмір сызықтарының шындығы мен мақсат-мүддесі туралы терең философиялық ойларға жетелейді. Асқар Ахаман шығармаларында қолданылған пішіндер мен түстердің үйлесімі, кеңістіктегі қозғалыс пен уақыттың ағысы адамның ішкі жан дүниесімен үндесе отырып, оның өмірлік жолындағы күрделі сезімдері мен күйзелістерін бейнелейді. Әрбір туындысында суретші шынайы болмысты көркемдік тілмен шебер жеткізіп, көрерменді тек сыртқы әсермен ғана емес, ішкі рухани тербелістермен де ойлануға мәжбүр етеді. Бұл туындылар мәңгілік өмір мен өлім, жалғыздық пен үміт, бастау мен аяқталу арасындағы шексіз философиялық байланыстарды жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.

Суретші Асқар Ахаман 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мырзакент ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Шымкент қалалық көркемсурет колледжін, кейін Мұқтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін тәмамдаған. Ол 2003 жылдан бастап халықаралық, республикалық көрмелерге, симпозиумдарға қатысып келеді. Оның шығармашылық туындылары Қазақстан, Рессей, Кипр музейлерінде және жеке коллекциялар қорынан орын алған.

Көрме 2025 жылдың 10 қыркүйекке дейін жалғасады

Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гүлнар