Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы және ҚР Президентінің архивімен бірлесіп 2025 жылы 25 тамыз күні сағат 11:00-де Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына арналған «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» көрмесін өткізеді.

1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ел егемендігінің негізін қалап, мемлекеттік құрылымның басты қағидаттарын айқындады. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заң үстемдігі мен институционалдық тұрақтылықты нығайтуға, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағдар белгіленді.

Негізгі заңды дайындау үдерісі кең қоғамдық талқылаумен ерекшеленді: еліміз бойынша үш миллионнан астам азаматтың қатысуымен 33 мыңға жуық кездесу өткізілді. Жобаның қорытынды нұсқасына Конституцияның 55 бабына енгізілген 1100-ден астам ұсыныс пен түзетулер енді, бұл конституциялық процестің ашықтығы мен заңдылығын көрсетті. Егемендік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасының Конституциясына алты мәрте өзгерістер енгізілді — 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары. Бұл түзетулер елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық трансформация кезеңдеріне сәйкес құқықтық жүйені жетілдіру қажеттігінен туындады.

Көрменің мақсаты — Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихи қалыптасу жолын құқықтық және саяси маңызы зор құжат ретінде көрсету, сондай-ақ оның мемлекеттік тәуелсіздікті нығайтудағы, демократиялық институттарды дамытудағы және елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқындау.

Көрмеде Қазақстандағы конституциялық заңнаманың даму кезеңдерін бейнелейтін бірегей жәдігерлер ұсынылады. Олардың қатарында — 1989 жылғы Қазақ КСР Конституциясының түпнұсқасы, 1995 жылғы Конституцияның дайындалу және қабылдану үдерісін көрсететін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі қорынан алынған фотоқұжаттар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорынан алынған конституциялық құқық мәселелеріне арналған басылымдар мен кітаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының қорынан алынған 1995 жылғы Конституцияның көшірмесі бар.