2026 жылдың 06 наурыз күні сағат 15:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде халықаралық «AlmaLine» суретшілер бірлестігінің ұйымдастырған «BYGIN» атты топтық көрменің салтанатты ашылуы өтеді.
Бұл көрме – сіз бен біз өмір сүріп отырған бүгінгі күнді көркемдік тұрғыдан ой елегінен өткізуге бағытталған маңызды мәдени оқиға. Осы уақытқа дейін Орталық Азия елдеріндегі кескіндеме дәстүрінде өткен шаққа деген сағыныш, этнографиялық идиллия мен пасторальдық сарындардың басым болғаны белгілі. Тіпті көп жағдайда бейнелеу өнері тарихи жады мен ұлттық болмыстың тұрақты бейнелерін қайта жаңғыртуға ұмтылып келетінін байқаймыз. Алайда бұл жолы «AlmaLine» тобының суретшілері сол үйреншікті көркемдік нарративке сын көзбен қарап, назарды бүгінгі сәттің өзіне бұрады. Олар қазіргі өмірдің сұлулығын урбанистік нақтылықтан, күнделікті тұрмыстың қарапайым формаларынан, заманауи технологиялардың адам болмысына тигізген ықпалынан және мезеттік көріністердің өтпелі табиғатынан іздейді.
«BYGIN» көрмесі – қазіргі сәтті дербес көркемдік құндылық ретінде ұсынатын жоба. Яғни, өткеннің жұбанышына жүгінбей, болашақтың қиялдағы бейнесін де болжамай, дәл осы шақтың өзін уақыттық феномен әрі мәдени артефакт ретінде пайымдауға бағытталған әрекет. Осы тұрғыда жобаға қатысушы суретшілер академиялық кескіндеме дәстүріне сүйене отырып, бүгінгі өмірдің нақты, күрделі, кейде ішкі тартысқа толы екіұдай келбетін бейнелеуге батыл қадам жасап отыр.
Жобаны дайындау барысында дәстүрлі түрде пленэр ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Көрме атауымен аттас пленэр 2025 жылдың шілде айынан бастап тамыз айының басына дейін Алматы қаласында өткен болатын. Ол көрменің маңызды бөлігі әрі дайындық кезеңінің логикалық жалғасы ретінде жүзеге асырылды. Ашық аспан астында қатысушылар қала кеңістігінің түрлі нүктелерінен арнайы этюдтер жазды. Нәтижесінде урбанистік құрылымдар, архитектуралық детальдар мен табиғи көріністер көркем бақылаудың нысанына айналды. Тікелей бақылау нәтижесінде дүниеге келген бұл жұмыстардың бір бөлігі кейін көрме экспозициясына енді.
Көрмеге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей суретшілерінің 100-ден астам кескіндеме, графика және мүсін туындылары ұсынылады. Жоба аясында «AlmaLine» бірлестігінің тұрақты мүшелерімен қатар, көрменің концепциясына үндес шығармашылық ұстанымы бар арнайы шақырылған авторлардың жұмыстары да көрсетіледі. Бұл өз кезегінде кәсіби қауымдастық ішіндегі диалогты күшейтіп, қазіргі болмысты көркемдік тұрғыдан пайымдаудың аясын кеңейтеді.
Экспозицияда классикалық реализмнен бастап декоративтік жинақтауға дейінгі, камерлық портреттік шешімдерден бастап ауқымды пейзаждық және жанрлық композицияларға дейінгі көркемдің ізденістердің кең ауқымы ұсынылған. Авторлық мәнерлердің сан алуандығына қарамастан, барлық туындыларды бүгінгі күннің келбетін көркемдік тұрғыдан ұғынуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді.
Көрмеге қатысушылар қатарында Жұмақын Қайрамбаев, Ғани Баянов, Досбол Қасымов, Геймран Баймұханов, Алпысбай Қазғұлов, Аваз Шарипов, Қанат Чагиев, Азат Табиев, Жақшыбек Жүнішев сынды өзге де заманауи реалистік бағытта еңбек ететін суретшілер бар. Әртүрлі көркемдік мектептер мен өңірлік контексттерге жатқанына қарамастан, оларды қазіргі шындықты бейнелеу тілінде жеткізуге деген ортақ кәсіби ұстаным біріктіреді.
«AlmaLine» шығармашылық тобы алғаш 2018 жылы құрылған. Құрамына түрлі буын өкілдері кіретін бұл топ – станоктық кескіндеме мен графика салаларында еңбек ететін кәсіби суретшілер үшін тұрақты платформа ретінде танылып үлгерді. Бірлестік жобаларының жоғарғы сапасын қамтамасыз ету үшін, топқа кіретін қатысушылардың қатаң кәсіби іріктеуден өтетінін де атап өткен жөн. Бүгінгі таңда «AlmaLine» мүшелері Қазақстанда және шетелде өтетін беделді көрмелерге үнемі қатысып келеді, ал олардың еңбектері мемлекеттік музейлер мен жекеменшік коллекцияларда өз орындарын табуда.
Экспозиция наурыз айының 27-не дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі - Сырғабаев С.Б.
«Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері