2026 жылғы 3 сәуірде сағат 19:00-де Үлкен залда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы «Сезімдер кеңістігінде» атты концерт өтеді.

Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері — скрипкашы Аида Аюпова, виолончельші Ермек Құрманаев, альтшы Бағдат Әбілханов, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары — пианист Анара Камелинова мен скрипкашы Евгения Құрманаева өнер көрсетеді.

Кеш бағдарламасына Франц Шуберт пен Антонин Дворжактың камералық музыкадағы жауһар туындылары енгізілген.

Бірінші бөлімде Шуберттің ми-бемоль мажор, op. 100 фортепианолық триосы орындалады. Бұл шығарма — композитордың терең лиризм мен нәзік сезімге толы ең көрнекті туындыларының бірі.

Екінші бөлімде Дворжактың ля мажор, op. 81 фортепианолық квинтеті ұсынылады. Бұл туындыда ұлттық әуендер мен романтикалық дәстүрдің байлығы үйлесім табады.

«Сезімдер кеңістігінде» концерті — әр аспаптың үні арқылы сезім тереңдігін жеткізетін әсерлі әрі үйлесімді музыкалық кеш.