2026 жылы 3 сәуір, сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде суретші Мадина Мұхтарованың «Уақытпен астасқан жол» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Бұл көрме көрерменді автордың философиялық әлеміне, түстер қуатын және замана туралы терең толғаныстарына жетелейтін айшықты мәдени оқиға болмақ.

Мадина Мұхтарованың шығармашылығы – жай ғана кескіндеме емес, ішкі әуенге, уақыт динамикасына және бейненің эмоциялық қуатына толы ерекше көркем кеңістік. Оның туындылары тұтас энергетикалық әлем құрып, онда түс, фактура және ырғақ үйлесімді байланысып, көпқабатты әрі әсерлі көркем симфонияға айналады. Бұл симфонияда заманауи энергия мен уақыт философиясы табиғи түрде ұштасады.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бейсебек Ақанаев: «Мадина Басыровна Мұхтарова – тек картина жазып қана қоймай, ішкі мән мен музыкалық үйлесімге толы тұтас энергетикалық әлем қалыптастыратын суретшілердің бірі» – екендігін атап өткен.

Еліміздің қазіргі өнер кеңістігінде жақында ғана көріне бастағанына қарамастан, Мадина Мұхтарова өзін сенімді әрі айқын таныта білді. Шығармашылық жолының алғашқы кезеңінен-ақ ол ұлттық деңгейден халықаралық деңгейге дейінгі түрлі көркем жобаларға белсенді қатысып, көркем ой еркіндігін және заманауи өнердің қарқынды әлемінде табиғи үйлесім таба алатынын көрсетті.

Академиялық дәстүрдің қатаң шеңберлері мен үйреншікті фигуративтіліктен бас тарта отырып, суретші абстрактілі кескіндеме тілін таңдайды. Оның жұмыстарында пішін мен түстер, ырғақ пен фактура өзара әрекеттесіп, күрделі әрі көпқабатты композициялар туындайды. Бұл құрылымдар біртұтас әлем бейнесіне бірігетін – эмоциялық, қуатты әрі терең жеке сипатқа ие үйлесімді пазлдар іспетті. Оның туындылары уақыт ағынымен үндесіп өмір сүретін белсенді, харизмалы тұлғаны бейнелейді.

Суретшінің шығармашылығында натюрморт жанры ерекше орын алады. Алайда авторлық интерпретацияда ол жаңа мазмұнға ие болады. Бұл енді дәстүрлі «тыныш» жанр емес, керісінше, позитивті энергия мен көркем медитация кеңістігіне айналған. Мадина Мұхтарованың натюрморттарын жарыққа, үйлесімге және ішкі тепе-теңдікке толы арт-терапияның бір түрі ретінде қабылдауға болады. Бір қарағанда сюжетті емес композициялар арқылы автор қазіргі заман философиясын ашады. Оның жұмыстары бүгінгі әлемнің күрделілігін, әлеуметтік және моральдық қайшылықтарды, сондай-ақ адам алдында ашылатын еркін таңдау мүмкіндіктерін бейнелейді.

Мадина Мұхтарованың шығармашылығын кең тарихи контексте де қарастыруға болады. Суретші өткеннің, бүгіннің және болашақтың уақыт тынысын нәзік сезінеді. Оның туындылары әлемде де, туған елінде де болып жатқан жаһандық үдерістер мен оқиғаларға үн қосады. Ол бір жағынан космополит, екінші жағынан нәзік лирик: шағын жұмыстарында терең эмоциялық сезім байқалса, ірі туындыларында эпикалық ойлау мен адам тағдырын тарих кеңістігінде пайымдау ұмтылысы көрінеді.

Өнертанушы әрі көрме кураторы Мария Жумагулова атап өткендей: «Мадинаның «қазіргі заманға тамыр жаю» қабілеті оның абстрактілі кескіндемеге жүгінуінен көрінеді. Бұл – пішін, түс, фактура және ырғақтың күрделі әрі көпнұсқалы үйлесімі, нәтижесінде таңқаларлық үйлесімді құрылымдар түзіледі. Суретші батыл, еркін түрде және қалыптасқан канондарға қарамастан, өзінің сұлулық матрицасын қалыптастырады».

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі баршаңызды Мадина Мұхтарованың шығармашылығымен танысуға және әр көрермен өз әсерін таба алатын, бір сәт аялдап, уақыттың нәзік әуенін сезіне алатын эмоциялар, ойлар мен сезімдер әлеміне енуге шақырады.

Көрмеде суретшінің 60-тан астам өнер туындысы ұсынылған.

Көрме 2026 жылдың 16 сәуіріне дейін жалғасады.