Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде 2026 жылдың 06 сәуірі күні сағат 11.00-де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, әдебиеттанушы Ақыш Нұрдаулет Бәбиханұлының «Момақан қыз» кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтеді.
Шара мақсаты: өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру, отбасы құндылықтарын дәріптеу, әдебиетке, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті арттыру, көркем сөз, музыкалық өнер арқылы эстетикалық тәрбие беруді көздейді. Мерекелік шара барысында келушілер автордың шығармашылық жолымен танысып, әдебиет және өнер қайраткерлерінің жылы лебіздері мен ақ тілектерін тыңдап, концерттік бағдарламаны тамашалайды.
Еңбектің авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық ТүрікСОЙ медалінің, «Мәдениет саласының үздігі», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің, халықаралық «Жамбыл» және «Махамбет» сыйлықтарының иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі конкурсының, Жастардың «Жігер» фестивалінің жүлдегері, «Қазақстанның құрметті жазушысы», Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Шығарманың оқиғасы тартымды, тілі жеңіл. Ауыл өмірі мен қала өмірі, ізгі ниеттің қилы қиындықтарда қыспаққа алынуы. «Момақан қыз» – адам бойындағы жақсы қасиеттерді бағалауға үйрететін, әсіресе жасөспірімдерге ой салатын шығарма. Бұл туынды жас қыздың мінезі, тәрбиесі, өмірге көзқарасы арқылы адамгершілік пен қарапайымдылықты насихаттайтын тәрбиелік мәні зор шығармалардың бірі.