2026 жылғы 10 сәуір күні сағат 11:00-де ҚР Ұлттық орталық музейінде «АХМЕТ ЖҰБАНОВ: ДӘУІР ҮНІ» көрмесі өтеді. Көрме қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті композитор, дирижер, музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың шығармашылығына арналады.
Көрменің мақсаты – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жас ұрпаққа ұлттық өнердің құндылығын дәріптеу. Іс-шара барысында келушілерге сирек фотосуреттер, архивтік құжаттар, қолжазбалар, ғылыми еңбектер және композитордың жеке заттары ұсынылады.
Ахмет Жұбанов – қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуына зор үлес қосқан көрнекті қайраткер. Ол қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, ұлттық музыканы ғылыми тұрғыда зерттеп, бірқатар іргелі еңбектер жазды. Сонымен қатар, қазақ опера өнерінің дамуына айрықша ықпал етті. Оның шығармалары мен ғылыми зерттеулері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.
Аталған көрме – ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына енген тұлғаның тағылымды өмірімен танысып, рухани байлығымызды тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.
Іс-шара Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ орта музыкалық мектеп-интернаттың, сондай-ақ композитордың туыстары мен ұрпақтарының қатысуымен өтеді.