2026 жылдың 12 маусымы 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі ғимаратында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Алексей Федорович Уткиннің «Қаладағы серуен» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Қазақстанның заманауи бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Алексей Федорович Уткин 1947 жылы Алтай өңірінде дүниеге келген. Кейін оның отбасы Қазақстанға, Алматы қаласына қоныс аударады. 1969 жылы Алматы қаласындағы №1 саңырау балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдап, 1974 жылы Бүкілресейлік саңыраулар қоғамының Ленинград қаласындағы Сауықтыру Орталығы Политехникумын бітіреді. 1985 жылы Алматы театр-көркемсурет институтын аяқтап, қарапайым студенттермен тең дәрежеде кәсіби білім алады. Ұзақ жылдар бойы Алексей Федорович өзі білім алған №1 саңырау балаларға арналған мектеп-интернатта сурет пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 1995 жылы Қазақстан саңырау суретшілерінің шығармашылық қауымдастығын құрса, 1997 жылы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған бейнелеу өнері студиясын ашады. Осы кезеңде суретші карикатурашы ретінде «Шмель» және «Крокодил» сатиралық журналдарымен белсенді шығармашылық байланыста болды. 1999 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды.

Алексей Уткин Рим мен Мәскеу қалаларында өткен саңырау суретшілердің халықаралық көрмелеріне қатысты. Вашингтондағы «Путь глухих II» халықаралық өнер фестивалінде бой көрсетті. Сонымен қатар «Тюльпан и Человек» және «Тәңір – Ұмай 2002» халықаралық өнер фестивальдерінде де өнерін көпшілікке ұсынды.

Суретші бүгінгі таңда қалалық пейзаж жанрының көрнекті өкілі, майталман шебері саналады. Оның шығармалары Қазақстан, Ресей, АҚШ, Италия, Түркия, Франция, Испания және Нидерландтағы музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Алексей Уткин үнемі шығармашылық ізденісте жүретін, тынымсыз еңбек ететін суреткер. Оның қаламынан мыңнан астам кескіндемелік және графикалық туындылар туған. Суретшінің сүйікті жанры – қалалық пейзаж. Туындыларында табиғаттан алған әсері кәсіби шеберлікпен ұштасып, табиғат пен қалалық ортаның әртүрлі күйі автордың ішкі сезімі мен жеке толғанысымен бірігіп көркем бейнеге айналған.

Суретшінің шығармашылық қайнар көзі – жүректегі шексіз махаббаты: өмірге деген құштар ықыласы, жарына, балалары мен немерелеріне деген мейірі, туған қала мен адамдарға деген ілтипаты – өнерінің басты мұратына айналған. Барша өнерсүйер қауымды шебер туындыларының рухани әлеміне шомып, жүрек жылуы – шуағына бөленуге шақырамыз!

Көрме А. Уткин шығармашылығын жоғары бағалайтын коллекционер Дмитрий Дюмаевтың қолдауымен өтті.

Көрме 2026 жылғы 3 шілдеге дейін жалғасады.

 

Куратор – А.Р. Ақылбекова
Көрмелер мен экспозициялар бөлімінің
 жетекшісі, өнертану магистрі