2026 жылғы 10 маусым күні сағат 13:30-да Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Толқынды жырға айналдыру: Цзянсу провинциясының балалар гравюрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтеді.
Экспозицияда Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясынан келген 4 пен 16 жас аралығындағы жас суретшілердің шамамен 50 гравюралық туындысы ұсынылады. Жұмыстар балалардың шығармашылық әлеуетін, қоршаған әлемді шынайы қабылдауын, сондай-ақ Қытайдың көркемдік дәстүрлері мен мәдени мұрасының ерекшеліктерін айқын көрсетеді.
Жоба Цзянсу провинциясының мәдениет және туризм департаменті тарапынан ұйымдастырылып, Дунхай ауданы халық үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылуда және Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени диалогты дамытуға бағытталған. Жұмыстардың авторлары – Цзянсу провинциясындағы білім беру мекемелерінің оқушылары. Жоба Қытайдағы балаларға арналған көркемдік білім беру саласындағы жетекші мамандандырылған мекемелердің бірі – Дунхай балалар гравюрасы орталығының қатысуымен дайындалған.
Экспозиция «Ұлы Жібек жолының рухы және Қытай мен Қазақстан достығы» атты ортақ тақырып аясында біріктірілген және төрт тақырыптық бөлімді қамтиды: «Қытай мен Қазақстан достығы», «Ұлы Жібек жолының мәдениеті», «Спорттық оқиғалар» және «Балалар әлемі мен балалық әсерлер». Жас авторлар өнер тілі арқылы өздерін қоршаған әлем туралы баяндап, достық, мәдениет, тарих және болашақ жөніндегі көзқарастарын білдіреді.
Ұсынылған туындылар гравюраның: қара-ақ ксилография, түрлі түсті гравюра және редукциялық баспа («жоғалатын қалып» әдісі) әртүрлі техникаларында орындалған. Бірқатар жұмыстар аралас көркемдік техникаларды қолдану арқылы жасалған. Туындылар қабылдаудың шынайылығымен, көркем тілінің әсерлілігімен және композициялық шешімдерінің ерекшелігімен дараланып, дәстүрлі мәдениет элементтері мен балалар қиялын табиғи түрде ұштастырады.
Көрме қазақстандық көрерменге Қытайдағы көркемдік білім беру жетістіктерімен танысуға және балалар көзімен әлемді – ашық, шынайы әрі өзара түсіністікке ұмтылған әлемді көруге мүмкіндік береді. Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтып, мәдени диалогтың дамуына ықпал етеді, сондай-ақ өнердің халықаралық қарым-қатынастың және мәдени өзара байытудың әмбебап тілі ретіндегі ерекше маңызын айқындайды.
Көрме 2026 жылдың 17 маусымына дейін өтеді.
Жұмыс уақыты: 10.00-ден 18.00-ге дейін.
Демалыс: дүйсенбі және әр айдың соңғы күні.
Көрменің кураторлары: Нұрпеис Д.К., Айдарова М.С. –
«Шетел өнері» бөлімінің кіші ғылыми қызметкерлері