2026 жылғы 14 маусым күні сағат 18:00-де Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында концерттік маусымның салтанатты жабылуына арналған «Во имя музыки» концерті өтеді.
Кеш қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті композитор, дирижер, музыкатанушы және қоғам қайраткері Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына арналады.
Концертте филармонияның жетекші солистері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетеді. Бағдарлама академиялық және дәстүрлі қазақ музыкасының үздік үлгілерін тоғыстырып, көрермендерге ұлттық және әлемдік музыкалық мұраның көркемдігін ұсынады.
Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Аида Аюпова, Жанар Сулейманова, Гүлнара Құрамбаева, Ермек Құрманаев, «Құрмет» орденінің кавалері Ерекебұлан Сапарбаев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Динара Базарбаева – Сахаман, сондай-ақ танымал орындаушылар Мақпал Қазыбекқызы, Ержан Әлімбетов, Мұса Керімбаев, Әділ Несіпбаев және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді.
Концерт бағдарламасының өзегін Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың шығармалары құрайды. Сонымен қатар Гендель, Хальворсен, Чайковский, Брусиловский, Сағатов, Күмісбеков және басқа да композиторлардың туындылары орындалады.
Көрермендер камералық шығармаларды, орган музыкасын, дәстүрлі әндер мен күйлерді тыңдай алады. Бағдарламаға қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген «Ақсақ құлан», «Желдірме», «Майра», «Илигай», «Домбыра туралы аңыз» секілді шығармалар енгізілген.
«Во имя музыки» концерті маусымның жарқын қорытындысы болып, қазақ музыка мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Жұбановтың рухани мұрасына тағзым етеді.
Күні: 2026 жылғы 14 маусым
Уақыты: 18:00
Өтетін орны: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залы, Алматы