2026 жылы 8 шілде күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі суретші-иллюстратор, дизайнер, театралдық костюм суретшісі, авторлық қуыршақтар шебері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және Халықаралық авторлық қуыршақ ұйымының мүшесі Гүлфарида Жаниярованың «Менің ғажайып әлемім» жеке көрмесін ашады.
Аталмыш көрме суретшінің шығармашылығындағы авторлық қуыршақ өнері мен кескіндеме секілді екі маңызды бағытты біріктіреді. Экспозиция көрерменге автордың көпқырлы шығармашылық әлемін таныстырып, оның туындыларында сәндік нақыштың, ұшқыр қиялдың және айналадағы дүниені шынайы сезінудің табиғи үйлесім тапқанын көрсетеді.
Автор туралы:
Гүлфарида Жаниярова Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің кескіндеме бөлімін тәмамдаған. Оның есімі сәндік-қолданбалы өнер мен авторлық қуыршақ саласындағы көпжылдық шығармашылық қызметінің арқасында Қазақстанның шығармашылық қауымына жақсы таныс.
Суретшінің шығармашылық жолы театр саласымен тығыз байланысты. Театрдағы көпжылдық тәжірибесі мен шығармашылық орта өкілдерімен кәсіби байланысы оның өзіндік көркемдік қолтаңбасының қалыптасуына ықпал етіп, бейнелі ойлау жүйесін, композициялық шешімдерге деген талғамын және көркем образдарды сомдау шеберлігін шыңдай түсті.
Гүлфарида Жаниярова Халықаралық авторлық қуыршақ ұйымының құрамына қабылданған Қазақстаннан шыққан тұңғыш шебер. Оның туындылары халықаралық көрмелерде бірнеше мәрте ұсынылып, әлемнің түрлі елдеріндегі өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Суретші шығармашылығында авторлық қуыршақ өнері айрықша орын алады. Оның қолынан шыққан кейіпкерлер өзіндік мінезімен, бейнелік айқындығымен және көркемдік ерекшелігімен дараланады. Суретшінің шығармашылық ізденістеріндегі маңызды бағыттардың бірі – кескіндеме өнері. Оның туындыларына сәндік нақыш, қанық бояу үйлесімі және қоршаған әлемді эмоциялық тұрғыдан қабылдау тән.
Экспозицияда гүл тақырыбына арналған «Калла гүлдері», «Қызыл тұңғиықтар», «Қызыл раушандар», «Сары ирис гүлдері», «Күнбағыстар» шығармаларымен қатар, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерінен шабыт алған туындылар да ұсынылған.
«Менің ғажайып әлемім» көрмесі суретшінің сұлулыққа, мейірімге, үйлесімге және өмірдің қарапайым қуаныштарына деген ілтипатқа толы рухани әлемін ашады. Мұнда авторлық қуыршақ өнері мен кескіндеме біртұтас көркем кеңістікте тоғысып, автордың дүниетанымы мен өмірді қабылдау ерекшелігін бейнелейді.
Экспозицияға 50 кескіндеме туындысы мен 20 авторлық қуыршақ қойылған.