Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі 2026 жылғы 24 шілде, сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдері: Қазақстанның Халық суретшісі Сахи Романовтың 100 жылдығы және Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тұрсын Абуовтың 90 жылдығына арналған «Қазақ өнерінің қос шебері» көрмесінің ашылу салтанатын өткізеді.
Көрме XX ғасырдағы отандық бейнелеу өнері тарихында өзіндік орны бар қос суретшінің көпқырлы шығармашылық мұрасымен таныстырады. Екі суретшінің де шығармашылық жолы кеңестік социалистік реализм дәуірінде қалыптасқанымен, олардың әрқайсысы өзіндік көркемдік қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ өнерінің дамуына айрықша үлес қосты.
Көрме экспозициясы Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің бейнелеу өнері қорындағы қос суретшінің туындыларды – кескіндемелік шығармалары, графикалық жұмыстары, эскиздер және нобайларымен таныстырады. Көрмеге қойылған көптеген туындылар бұған дейін көпшілік назарына сирек ұсынылғанымен, суретшілердің шығармашылық әдістерін тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.
Сахи Романов бейнелеу өнері тарихында дарынды кескіндемеші, график және отандық кинофильмдерге арналған әйгілі сахналық эскиздердің авторы ретінде танылды. Балалар үйінің тәрбиеленушісі болған ол таланты мен табандылығының арқасында жоғары көркемдік білім алып, 1981 жылы «Қазақстанның Халық суретшісі» құрметті атағына ие болды.
Тұрсын Абуов – шығармашылық ауқымы кең суретші. Ол кескіндеме, мүсін және ландшафтық дизайн салаларында өзін таныта білді. Бала кезінен өнерге құштар болған суретші кәсіби білім алып, 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағына ие болды.
Көрме екі шебердің шығармашылығын қатар көрсете отырып, олардың Қазақстан тарихы, ұлттық мәдениет, дәстүрлер және елдің көрнекті тұлғалары тақырыптарын әртүрлі көркемдік тәсілдер арқылы бейнелегенін көрсетеді. Суретшілердің туындыларында қазақтың қолданбалы өнері мен этнографиясына тән мотивтер ерекше орын алған және бұл элементтер әр автордың өзіндік шығармашылық көзқарасы арқылы жаңаша пайымдалған.
Көрермендер көрме барысында өнер туындыларымен танысып қана қоймай, шығармалар дүниеге келген дәуірдің тынысын сезініп, суретшілердің кәсіби жолы мен шығармашылық даралығын танытатын жеке заттарын да көре алады.
«Қазақ өнерінің қос шебері» көрмесі Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің балконында орналасқан.