Отбасы құндылығы қашанда дәріптеуді қажет ететін тақырып. Осы ретте, Sәlem Entertainment түсірген Бажа телесериалының 2-маусымы жарыққа шығуына байланысты жабық көрсетілім өтті. Оған біздің тілшіміз Назира Бурханова қатысып келген болатын.
Жабық кешке актёрлық құраммен қатар Мерей Мақажан, Томирис Жанғазина, Кемеңгер Орал, Жұлдыз Жауынбаева, Еркеш Хасен және басқа да әртістер, әншілер, блогерлер қатысты.
Көрсетілімді Salem Entertainment PR бөлімінің жетекшісі Ролан Рысбаев ашты. Оның айтуынша, бұл телесериал Salem үшін ерекше жоба. Компанияның мақсаты – өзекті әрі халыққа жақын контент ұсыну. Келесі сөз кезегін BAS Production-ның бас продюсері Ақылбек Досжанов алды. Ол осы жобаға атсалысқан жандардың барлығына алғыс айтып, жүрек жарды тілектерін айтты.
Бас продюсер сөз сөйлегеннен кейін кештің басты қонақтары – актёрлық құрам сахнаға шықты. Олар көрермендерге алғыс айтты.
«Келгендеріңізге рақмет, көп сөз айтпай-ақ қояйық. Осы сәттен ләззат алыңыздар. Сіздерге жағымды болады деген ойдамын», – деді Бажа 2 телесериалының режиссёры Олжас Нұрбай.
Актёрлық құрам сөйлеп болғаннан кейін сериалдың алғашқы 2 сериясы халыққа таныстырылды. Комедия жанрында түсірілген бұл сериал көрерменнің көңілінен шықты, өйткені көрсетілім кезінде актёрлардың бір-біріне айтқан әзілі жұртшылықтың езуіне күлкі сыйлады. Көрсетілім аяқталғаннан кейін, актёрлік құрам қайта сахнаға шығып сөз сөйледі.
«Біз мүмкіндігінше отбасылық құндылықтарды, шынайы жағдайларды жеткізуге тырыстық», – деді Фариза Ескермес.
Шара аяқталған соң редакция тілшісі актёрлік құрамның кейбір мүшелерімен тілдесті. Атақты жайдарманшы Еркебұлан Мырзабектің сөзінше, бұл идея 2012-13 жылдардан-ақ бастау алған. Ал идея авторы: Марат Оралғазин, Рүстем Омаров, Ақылбек Досжанов. Ол кезде де бұндай сериалды Хабар арнасы түсірген, бірақ ол қазіргідей емес, өйткені бұл сәл бұзақылау. Сериалдың басты мақсаты – көңіл күй, күлкі сыйлау. Бірақ халық сериалды қараса, ой саларлық, түртіп өтерлік, әзіл аралас болса да жастарға тәрбие беретін тұстары бар.
Актёрдің сөзінше, ол түсірілімге қанша шығын кеткенін білмейді, ол туралы тек Ақылбек Досжан біледі.
Ұлболсын Шалқарованың сөзінше, сериалда бұндай рөлді алып шығу оған түк те қиын болған жоқ және сериалдың 1-маусымы көрерменге ұнағандай, 2-маусымы да көрерменге ұнайды. Сондай-ақ актриса түсірілім барысындағы қызықты деректерді бөлісті.
«Бізде қайта түсірілім болды. Яғни, мен киноның кей сәттерінде шынайы жүктімін. Ал кей кадрларды мен босанып болғаннан кейін, 3 айдан соң түсірдік», – деді Ұлболсын Шалқарова.
Марат Оралғазиннің айтуынша, сериалдың басты тақырыбы – отбасылық құндылықтарды көрсету. Өйткені қандай қиындыққа басың ұшыраса да, көмек беретін – отбасың.
«Қанша жерден жаман болып тұрсаң да сенің басыңды төрге сүйрейтін – әйелің. Әйел босанғанда ер адамдардың көбіне ұлды күтетіні туралы көрсетілген, оған қоса, лудомания туралы да ол жерде көтерілген. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл сериал еркектердің лайфхактары ғой», – деп қорытындылады Марат Оралғазин.
Еркебұлан Мырзабектің айтуынша, сериалдың 2-маусымы 12 бөлімнен тұрады. Сондай-ақ ол Астана телеарнасынан көрсетіледі.
НАЗИРА БУРХАНОВА
Фото: Apendenov