2 сәуір күні Freedom Media платформасында отандық «Дәстүр: Теріс бата» мистикалық триллерінің цифрлық тұсаукесері өтті. Бұл туынды адам жанын түршіктіретін үрейді, көне жоралар мен отбасылық құпияларды арқау етеді. Бұл — баяғыда жасалған қиянаттың қайта оралып, соңы өкінішке ұласатынын көрсететін хикая.
Оқиға желісі
Хикая өзегінде — сырттай қарағанда берекелі, бірақ түсініксіз үрейлі оқиғалардан соң шаңырағы шайқала бастаған бір әулеттің тағдыры жатыр. Тылсым құбылыстардың төркініне үңілсек, бәрі де қазақ танымындағы ең ауыр қарғыс — теріс батадан басталғаны аңғарылады. Фильмнің әр бөлімінде кейіпкерлер баяғыда жасаған, енді түзетуге келмейтін қате қадамдарының зардабын тартады. Оларға тағдырдың осы бір қатал сынағына төтеп беруден өзге амал қалмайды.
Дәстүр мен атмосфераның үйлесімі
Фильм көрерменді сыртқы эффектілермен емес, психологиялық шиеленіс, мағыналы үнсіздік пен астарлы нышандар арқылы баурап алады. Мұнда ұлттық фольклор жай ғана қосалқы элемент емес, бүкіл драманың өзегі мен эмоциялық тереңдігіне айналған.
Бұл туындыда әулет алдындағы жауапкершілік, іште сақтаған құпиялар мен ата-баба аманатына қиянат жасаудың ауыр зардабы баяндалады. Фильм режиссерінің айтуынша, басты мақсат — көрерменді жай ғана шошыту емес, халықтың ұжымдық жады мен тарихи танымындағы маңызды дүниелерге үңілу:
«Теріс бата — жай ғана тылсым күш немесе мистика емес. Бұл — адам баласы аттап өтуге болмайтын қатерлі нүкте. Өткен шақта аңдамай басылған бір ғана қате қадам бүтін бір әулеттің тағдырын қалай тас-талқан ететінін көрсету біз үшін өте маңызды болды».
Индустрия мен платформа үшін маңызы
Бұл туынды қазақстандық жанрлық киноның жаңа толқынын қалыптастыруда: батыл, мәдени ерекшеліктерге негізделген және көрерменнің көңілінен шыққан туынды.
Freedom Media бас директоры Тимур Баиров былай деп атап өтті:
«Біздің басты ұстанымымыз — ұлттық құндылықтар мен төл мәдениетімізді дәріптейтін туындыларға демеу болу. «Дәстүр: Теріс бата» фильмі өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, отандық киноның әлеуетін танытатын сапалы әрі тартымды туындыға айналды».
Қайда және қашан көруге болады?
Фильмді эксклюзивті түрде тек Freedom Media платформасынан тамашалай аласыздар. Тұсаукесер күні: 2 сәуір, 2026 жыл.