XIV ғасыр. Моңғол империясы ыдырап жатыр. Ұлы Жібек жолынан берекет кетіп, бір кездері гүлденген қалалар үйіндіге айналған. Шайқастарда шыңдалған Темір Барлас туған өлкесіне оралады.Оның арманы — Үндістаннан Парсы еліне дейінгі қалалар мен империялардың зәресін алатын жаулаушы болу емес еді. 

Күйттегені — отбасының абыройы, мөлдір махаббат, балаларының болашағы және артына ергендердің сенімін ақтау болатын.

Алайда осындай ізгі мақсаттарын жүзеге асырудың жалғыз жолы — шексіз билік болып шықты. Ал билікке барар жол – қантөгіс, сатқындық пен рухани күйзелістен тұратыны белгілі. Оны алда сұрапыл шайқастар, сарайдағы астыртын арпалыс және өзінің шыңдалуы күтіп тұр. Ақырында, ол жеңілмес әскер құрып, бытыраңқы жерлердің басын біріктірді. Осы жолдың соңында ол баяғы қалпында қала ма?

«Темірлан» тарихи экшн-драмасы – Өзбекстан, АҚШ және Қазақстан кинематографистері бірлесіп жасаған халықаралық киножоба. Фильм режиссері – Джейкоб Шварц. Ташкенттегі тұсаукесерде ол: «Біз бұл фильмді тарихи тұрғыдан барынша шынайы ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық деп ойлаймын», — деді.

Басты рөлді сомдаған Кристиан Мортенсен сценарий авторларының бірі болды және өзі үшін басты міндет —  Әмір Темірді «тұлға ретінде жақынырақ таныту» болғанын атап өтті.

«Ол әке ретінде кім? Күйеу ретінде ше? Қолбасшы ретінде қандай болған? Мәдени контексте ол кім? Сен оның әлем үшін кім екенін емес, жақындары үшін кім болғанын ойлайсың. Мәселе осында: жеке қарым-қатынастарды түсіну арқылы эмоциялық тереңдікті қалай қалыптастыруға болады?», — дейді ол.

Тақталаста Темірланның одақтасы әрі бәсекелесі болған Әмір Хұсайынның рөлін «Ведьмак» және «Марко Поло» хикаялары арқылы танымал Махеш Джаду сомдады. Ал Тамерланның көп жылғы жауы хан Ілияс Қожаның бейнесін экранда Джошуа Джо сомдап шықты. Әйелдің басты рөлін танымал өзбек актрисасы Юлдуз Раджабова орындады.

Олармен бірге танымал қазақстандық актерлер: Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Мақсат Сәбит, Санжар Мәди, Әзиз Бейшеналиев, Жандос Айбасов, сондай-ақ, атты әскер шайқастары бар кез келген киножобаның ажырамас бөлігіне айналған Nomad Stunts халықаралық тобының каскадерлері түсті. «Кристиан Мортенсен біздің қосында бірнеше ай бойы жаттықты. Нәтижесінде ол картинадағы трюктердің көбін өзі орындап шықты», – дейді Nomad Stunts халықаралық каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов.

Түсірілім жұмыстары Өзбекстан мен Қазақстанда өтті: мысалы, Алматы маңында Әмір Темірдің қолбасшылық өміріндегі маңызды «Лайлы шайқас» түсірілді (бұл оның жеңіліс тапқан жалғыз шайқасы болып саналады).

Жоба авторлары Өзбекстан, АҚШ және Қазақстан кинематографистерінің бірігуі — Орталық Азия киносы үшін бірегей құбылыс екенін атап өтуде. «Біз осы тарихпен өстік. Әмір Темір – біздікі. Ұлы Жібек жолы – біздікі. Бүкіл әлем бұл туралы өзгелердің оқулығынан емес, біздің аузымыздан еститін уақыт жетті», – дейді картинаның атқарушы продюсері Бехруз Хамзаев.

«"Темірлан" – Ұлы Жібек жолы сияқты, Орталық Азия аймағы сияқты мультимәдени жоба. Кадр сыртындағы ахуал да сондай болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар арасындағы ортақ мәдени тәжірибе эмоциясы сахнада көрініс табады. Бұл өте қатты көмектеседі», – дейді Кристиан Мортенсен.