Алматыдағы көше өнерпазынан бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде де тыңдалатын музыкантқа дейінгі жол

QARA Studios компаниясы OYU Live YouTube арнасында қазақстандық музыкант dudeontheguitar (Нұрбек Елемес) туралы деректі фильмнің тұсауын кесті. Бұл – 2000 жылы Сарыағаштағы өз үйінің іргетасы қаланған аула және Нұрбектің өзі айтқандай, дәл сол жерде шығармашылық жолының да негізі қаланған аула туралы оқиға.

dudeontheguitar – Сарыағаштан шыққан музыкант. Оның қазақ және ағылшын тілдерінде 2021 жылы жазылған алғашқы körpe альбомы (2021) шығармашылық жолының баспалдағына айналды. Алматыдағы Арбат пен жерасты өткелдерінде көше музыканты ретінде өнер көрсетуден бастаған Нұрбек Елемес бүгінде қазақстандық жаңа музыкалық сахнаның жарқын өкілдерінің бірі әрі OYU жобаларының тұрақты қатысушысы. Соңғы апталарда оның қазақ және ағылшын тілдеріндегі әндері Жапониядан Бразилияға дейінгі бүкіл әлем тыңдармандарының ықыласына бөленіп келеді.

Фильмнің сілтемесі:

Камера кейіпкердің балалық шағы өткен мекенді аралап келеді: әнші дүниеге келген жылы салынған үй, баскетбол мен тығылмақ ойнаған көше, анасы кәмпит сатқан базар. Дәл сол жерде кішкентай Нұрбек алғаш рет ересек өмірімен бетпе-бет келіп, ақша санауды, кәуап пен тәттілердің бағасын түсінуді үйренді.

Үйдің алдындағы бетондағы із, ескі кілем, итальян эстрадасының әндері жазылған кассеталар сияқты кәдімгі тұрмыстық детальдар арқылы фильм Түркістан облысындағы қарапайым ауладан қазіргі Қазақстанның маңызды музыкалық оқиғаларының біріне айналған шығармашылық жолды баяндайды.

«Шығармашылығымның іргетасы балабақшада қаланған деуге болады. Сахнаға деген алғашқы қадамым дәл сол жерден басталды», – дейді Нұрбек фильмде.

Фильмнің жеке бір тарауы Нұрбектің 2015 жылы Алматыға қоныс аударуына арналған. Бұл шешімге оның әпкесі үлкен ықпал етеді. Дәл осы қалада жас жігіт өмірінің жаңа кезеңі басталды. Күндіз ол ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша колледжде оқып, кешкісін Абай мен Ленин көшелерінің (қазіргі Достық даңғылы) қиылысындағы жерасты өткелінде және Арбатта өнер көрсетті, осылайша музыкадағы алғашқы табысын тапты.

Әртістің айтуынша, дәл осы көшедегі концерттер оның нағыз вокалдық мектебіне айналып, музыканың жай ғана хобби емес, өмірлік жолы екенін түсінуге мүмкіндік берген.

Фильмнің соңында Нұрбек шығармашылық философиясымен бөліседі: «Шабыт – көктен түсе салатын сыйлық емес. Ол сенің қаншалықты дайын екеніңе байланысты.»

Фильмнің режиссері Сабина Әбдімәлік былай дейді:

Нүрбектің шығармашылығынан бөлек, оның өскен ортасын көру, ойларын жақыннан ашық тыңдау мен үшін қызық болатын, себебі оның әр әнін мұқият тыңдайтын тыңдарманмын. Деректі фильмді шағын әуенді толғаныстармен, кішігірім өмірлік көріністерге толтыру маңызды болды,

Режиссер ретінде маған бұл шығармашылық сапар беймәлім болды. Шығармашылық топ Сарыағашта бірінші рет болдық, Нүрбек өзі де ол қалада 10 жылдай уақыт болмаған. Осы бірнеше күн бәрімізге ерекше уақыт болды. Біз Нұрбектің ой-қиялын ашып көрсетуге, көрерменді жергілікті адамдармен, қала көрінісімен таныстырып, ұсақ детальдар арқылы әншінің айналасындағы қарапайымдылықты көрсетуге тырыстық.

Оператор Рауан Баймағамбетов:

«Бұл менің өмірімдегі ең тыныш әрі жайлы түсірілім болды. Біз Сарыағашты Нұрбектің көзімен, оның қабылдауы арқылы көрсетуге тырыстық. Бұл фильмді шын жүректен түсірдік. Сондықтан ол әр шынайы көрерменнің жүрегінен орын табады деп сенемін.»

OYU Live – QARA Studios жүзеге асыратын музыкалық YouTube жобасы. Онда Қазақстанның түрлі жанрдағы өнерпаздарының live-өнер көрсетілімдері, қазіргі отандық музыкалық болмысты қалыптастырып жүрген әртістер туралы арнайы шығарылымдар мен деректі фильмдер жарияланады.

QARA Studios – OYU Live музыкалық жобасы және жыл сайынғы OYU Fest фестивалі сияқты мәдени платформаларды ұйымдастыратын Алматыдағы креативті студия.

Фотосурет авторлары:

Сабина Әбдімәлік – Instagram: @abdkeye

Ақылжан Амантай – Instagram: @aqylzhn

Powered by  / muraa.jewelry