19 қыркүйекте Алматы облысындағы «Біздің ауыл» этноауылында nomad álemi фестивалінің қорытынды шарасы өтеді. Көшпенділер мәдениеті мен мұрасын заманауи тұрғыдан қайта пайымдауға арналған ауқымды жоба бұған дейін 5 қыркүйекте Ақмола облысының Макинск қаласында және 12 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Қасым Қайсенов ауылында өткен.
Фестиваль музыка, өнер, білім, гастрономия, спорт және заманауи мәдени бағыттарды біріктіреді. Жобаның негізгі сұрағы — заманауи номад деген кім және дала мұрасы бүгінгі және болашақ өмірімізде қандай орын алады?
nomad álemi фестивалінің әр кеңістігі көшпенділер мәдениетінің белгілі бір қырын таныстырады. Қонақтар дәстүр мен өнерден бастап ұлттық ойындар, гастрономия, заманауи шығармашылық пен жаңа идеяларға дейінгі түрлі бағыттармен таныса алады.
Білім: дәстүр мен қазіргі заман
Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі — «Білім» кеңістігі. Мұнда заманауи номад ұғымы, дала мұрасының қазіргі мәдениетте, өнерде, бизнесте және күнделікті өмірде көрініс табуы талқыланады.
Жазушы, мәдениеттанушы, қазақ мифологиясы мен фольклорын зерттеуші, қоғам қайраткері Зира Наурызбай қазіргі мәдени кодты қалыптастыратын және бүгінге дейін жеткен мифтер туралы әңгімелейді.
Суретші, графикалық дизайнер әрі түркі мифологиясын зерттеуші Дәурен Тасбулатов Ұлы даланың көне бейнелерін заманауи өнер тұрғысынан қайта пайымдау тақырыбын қозғайды. Эко-этнодизайнер Ботагөз Сатыбек дәстүрдің қазіргі киім үлгілеріндегі көрінісі мен саналы тұтыну туралы сөз етеді.
Сондай-ақ заманауи номадизмнің бизнес пен әлеуметтік қызметтегі көріністеріне арналған сессия өтеді. Оған aitas өкілдері қатысады.
Бағдарлама аясында дизайнер әрі режиссер Мансур Смағамбетовтың Parsifal бейнеинсталляциясы көрсетіліп, түркітанушы Ерлан Еспенбетов көшпелі өркениеттің мұрасы туралы дәріс оқиды.
Сонымен қатар журналист, зерттеуші Юрий Дорохов пен «Петроглифтерді іздеушілер» қорының атқарушы директоры, археолог, тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі сарапшы Ольга Гумирова қатысатын «Есте сақтау картасы: қазіргі номад өз жерінің тарихын қалай таниды?» атты public talk өтеді.
Білім беру бағдарламасын Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, зерлеу техникасындағы алтын тігу өнерін Қазақстанда қайта жаңғыртқан Айжан Абдубаитова және нутрициолог, «Дұрыс тамақтану-Қазан-фест» ұйымдастырушысы Сабина Мұқан қорытындылайды.
Ойын: ұлттық ойындар мен спорт
«Ойын» алаңында қонақтар ұлттық ойындарға қатысып, спорттық жарыстарға қатыса алады. Бұл кеңістік дәстүрлі ойындар мен бәсекелестік мәдениетті заманауи фестиваль форматы арқылы таныстырады.
Дастархан: дала дәмі
«Дастархан» кеңістігі көшпенділердің гастрономиялық мұрасына арналады.
Этнограф Айгерім Мұсағажина «Көшпенділер асханасы: көне мен жаңа» тақырыбында дәріс оқып, шеберлік сағатын өткізеді. Қонақтар дәстүрлі тағамдар мен өнімдер, сондай-ақ олардың қазіргі заманғы қолданысы туралы біле алады.
Мұнда ұзын дастархан да жайылады. Ол қонақжайлық, бірлік пен өзара қарым-қатынастың символы ретінде фестиваль қонақтарын бір ортаға жинайды.
Заманауи өнер
Фестиваль бағдарламасында заманауи өнерге де ерекше орын беріледі. Көпшілік назарына open call байқауының жеті жеңімпазының жұмысы ұсынылады. Авторлар өз еңбектерінде көшпенділер мәдениеті, дәстүрлі бейнелер мен дала мұрасын заманауи тұрғыдан қайта пайымдайды.
Арт-галереяда суретшілер Дәурен Тасбулатов пен Риз Есентаевтың жұмыстары қойылады.
Фестивальдің басты арт-нысаны — Тазы. Биіктігі төрт метр болатын мүсін қазақ мәдениетіндегі танымал образдардың біріне арналған. Ол қайта өңделген пластиктен жасалған. Фестиваль қонақтары мүсінді өз қолдарымен толықтырып, ортақ өнер туындысын жасауға үлес қоса алады.
Музыка және «Мүшел жолы»
Музыкалық бағдарлама күні бойы жалғасады. Кешкі концертте Yenlik, Dudeontheguitar, Steppe Sons, Urker, «Арқайым», Tengri, Duana және басқа да өнерпаздар өнер көрсетеді.
Фестивальдің тағы бір маңызды кеңістігі — «Мүшел жолы». Мұнда қонақтарға адамның өмір жолын туғаннан бастап есейіп, кемелденуге дейін символдық түрде сезінуге мүмкіндік беріледі. Кеңістік арқылы қатысушылар өз тарихы мен мәдени мұрасы туралы ойлануға шақырылады.
Фестивальдің толық бағдарламасымен nomad álemi сайтынан танысуға болады.
Билеттерді Ticketon және Sxodim.kz платформаларынан сатып алуға болады.
Жоба туралы
nomad álemi жобасының бастамашысы — aitas food-холдингі. Фестиваль компанияның 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Номадтар жолы» философиясының көпшілікке ұсынылған көрінісіне айналды.
Жобаның негізгі идеясы — өз тамырың мен мәдени мұраңды құрметтеу алға жылжуға және болашақты құруға берік негіз болады деген ұстаным.
30 жыл ішінде aitas даму жолынан өтіп, бүгінде заманауи food-холдинг ретінде қалыптасып келеді. Бұл өзгерістер компанияның жаңа позициясынан да көрініс тапқан.
Күні: 2026 жылғы 19 қыркүйек
Өтетін орны: Алматы облысы, «Біздің ауыл» этноаулы
Instagram: @nomadalemi
Фестивальдің толық бағдарламасымен nomad álemi сайтынан танысуға болады. Билеттерді Ticketon және Sxodim.kz сайттарынан сатып алуға болады.