4 қараша күні Алматы қаласында «Little Miss BRICS» және «Mrs. BRICS Kazakhstan» ұлттық байқауларының жабық таныстырылымы өтті. Жоба Қазақстандағы сұлулық байқаулары индустриясына жаңа бағыт әкеліп қана қоймай, әйелдер мен жас қатысушылардың әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беруді көздейді.

Таныстырылымға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кәсіпкерлер, сұлулық индустриясының мамандары мен блогерлер қатысты. Кездесу барысында қонақтарға BRICS халықаралық бірлестігі, байқаулардың негізгі миссиясы, қатысу шарттары және алдағы кезеңдерде жүзеге асырылатын жоспарлар таныстырылды.

Жоба әртүрлі жас санатындағы қатысушыларды қамтиды. Атап айтқанда, «Little Miss BRICS» байқауына 6-17 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматшалары қатыса алады. Ал «Mrs. BRICS Kazakhstan» 28-50 жас аралығындағы, өмірдің белгілі бір саласында елеулі жетістікке жеткен әйелдерге арналған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқауларда сыртқы келбет қана емес, қатысушылардың жеке жетістіктері, белсенді өмірлік ұстанымы, көшбасшылық қасиеттері мен қоғамға қосқан үлесі де маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлік, спорт, қоғамдық қызмет, кәсіби мансап немесе отбасылық өмірде өзіндік жетістікке жеткен әйелдер өздерін жаңа халықаралық алаңда таныта алады.

Жобаның ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет ұлттық және өңірлік іріктеу жүйесінің енгізілуі. Бұл байқауға еліміздің әртүрлі қалаларынан қатысушыларды тартуға мүмкіндік береді. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары ұлттық финалда өз аймақтарының атынан өнер көрсетеді. Ал елдің басты титулдарын иеленген жеңімпаздар Қазақстан атынан халықаралық BRICS байқауына қатысады.

Халықаралық кезең қатысушылар үшін жаңа тәжірибе мен мүмкіндіктерге толы болмақ. Бағдарлама аясында тұру орны, тамақтану, шеберлік сабақтары, қайырымдылық бастамалары және салтанатты гала-кештер қарастырылған. Ұйымдастырушылар халықаралық бағдарламаға қатысуға байланысты жеңімпаздардың шығындарын өз мойнына алады.

Таныстырылым барысында жобаның халықаралық тәжірибесімен таныс спикерлер де сөз сөйледі. Олардың қатарында «Miss Qazaqstan» ұлттық сұлулық байқауының директоры, «Miss Qazaqstan 2022» финалисі, модельдер мектебі мен модельдік агенттіктің негізін қалаушы Рамина Ибрагимова болды. Ол сұлулық байқаулары индустриясында төрт жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар маман ретінде жобаның маңызына тоқталды.

Сондай-ақ миллионнан астам оқырманы бар блогер, «Mrs. BRICS» санатындағы «People's Choice Award» жүлдесінің иегері Ольга Мигунова қатысты. «Little Miss BRICS» санатындағы «People's Choice Award» иегері Арина Каторгина таныстырылымға анасымен бірге келіп, өз әсерімен бөлісті. Бұған қоса блогер, кәсіпкер және «BRICS 2026» халықаралық байқауының қонағы Гаухар Амиркулова да қонақтарға өз тәжірибесін ұсынды.

Спикерлер халықаралық байқаудың ауқымы, ұйымдастырылу деңгейі, ерекше атмосферасы және қатысушыларға беретін мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Олардың пікірінше, мұндай жобалар жаңа таныстықтар орнатып, өзге елдердің мәдениетімен танысуға, тәжірибе алмасуға және жеке әлеуетті дамытуға жол ашады.

Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі жобаның ресми серіктестерін таныстыруға арналды. Олардың қатарында таныстырылым өткен Fellini мейрамханасы бар. Итальяндық жоғары гастрономиясымен танымал бұл мекемеде дәстүрлі итальяндық асхана мен заманауи сән-салтанат үйлесім тапқан. Талғампаз тағамдар, сапалы өнімдер, авторлық ұсыну тәсілі мен жоғары деңгейдегі қызмет көрсету қонақтарға ерекше атмосфера сыйлады.

Сонымен қатар Kinopark кинотеатрлар желісімен арнайы ынтымақтастық орнатылатыны жарияланды. Серіктестік аясында «Mrs. BRICS Kinopark» және «Little Miss Kinopark» арнайы номинациялары тағайындалады. Бұл номинациялардың жеңімпаздары Kinopark киножобаларында рөл сомдап, өздерін киноиндустрияда сынап көруге мүмкіндік алады.

Осылайша, «Little Miss BRICS» және «Mrs. BRICS Kazakhstan» жобалары қатысушыларға дәстүрлі байқау шеңберінен кеңірек мүмкіндіктер ұсынуды мақсат етеді. Мұнда өзін таныту, жаңа орта қалыптастыру, халықаралық тәжірибе жинақтау және шығармашылық қабілеттерді дамыту бағыттарына басымдық беріледі.

Алматыда өткен таныстырылым Қазақстандағы әйелдер мен балалардың әлеуетін дамытуға, мәдени байланыстарды нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жобаның алғашқы қадамы болды.

«Little Miss BRICS» және «Mrs. BRICS Kazakhstan» – жай ғана сұлулық байқаулары емес. Бұл – әр қатысушының жеке тарихы мен жетістігін танытып, жаңа белестерге жол ашуға бағытталған халықаралық платформа.

Назира Бурханова