Сотта өкілдік етуді, заңгердің кеңесі мен адвокаттың көмегін кімдер тегін ала алады? Өңірлік коммуникациялар қызметінде әділет органдары мен адвокаттар қауымдастығының өкілдері осы туралы баяндап берді. Әділет органдары қызметкерлері күніне орай өткен жиын азаматтардың құқығын қорғау мен олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне арналды.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – бұл мемлекеттік бюджет есебінен төленетін құқықтық қызмет кешені. Оны Қазақстан заңнамасында көзделген жағдайда азаматтар мен заңды тұлғалар ала алады.
Құқықтық түсіндіру жұмысы мен заң қызметін көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Бақтымбетова бұл жүйе азаматтарға табыс деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан өз құқығын қорғауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Қазақстан республикасының конституциясы әркімге білікті заң көмегін алуға, заңда көзделген жағдайларда заң көмегін тегін алуға құқық береді. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесі аз қамтылған және әлеуметтік осал топтардың құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін қорғауға, сондай-ақ сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл саладағы негізгі нормативтік акт – „Адвокаттық қызмет пен заң көмегі туралы“ Қазақстан Республикасының Заңы», – деді Айгүл Бақтымбетова.
Заң көмегінің ең қолжетімді түрі – құқықтық ақпарат беру. Заңнама туралы жалпы ақпаратты барлық жеке және заңды тұлғалар еш шектеусіз ала алады. Бұл заң нормасын түсіндіруді, белгілі бір жағдайда қандай әрекет жасау керектігі туралы ақпарат беріп, құқықтық материалды жариялауды қамтиды.
Құқықтық кеңес бір мәселеге қатысты неғұрлым жан-жақты көмек көрсетуді көздейді. Кеңес ауызша немесе жазбаша түрде берілуі мүмкін. Алайда мұндай көмекті заң бойынша оған құқығы бар азаматтарға ғана көрсетеді.
Мемлекет кепілдік берген көмектің тағы бір түрі – қорғау мен өкілдік ету. Адвокаттар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік процеске қатыса алады, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік органдағы мүддесін білдіреді.
Тегін консультация, қорғау мен өкілдік ету көмегін атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған азаматтар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ала алады. Мұндай көмек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, адам саудасынан зардап шеккендерге де көрсетіледі. Кейде қылмыстық және азаматтық процестік заңнамада көрсетілген азаматтардың басқа да санаты бұл құқыққа ие.
Алматы қалалық адвокаттар алқасы президиумы төрағасының орынбасары Гүлнар Байғазина мұндай көмекті нақты кімдер көрсететінін түсіндірді.
«Тегін заң көмегін көрсету кәсіби заң қоғамдастығына жүктелген. Адвокаттар азаматтарға консультация береді, оларды қорғап, соттарда, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарында мүддесін білдіреді. Заң кеңесшілері заңда белгіленген рәсім шеңберінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысады. Нотариустар жекелеген жағдайда жеңілдікті санаттарға жататын азаматтарға нотариаттық әрекетті іске асырады», – деді Гүлнар Байғазина.
Көрсетілген көмектің сапасы мен көлемін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, адвокаттар алқасы мен заң кеңесшілері палаталары бақылайды. Олар сондай-ақ есептілікті жинақтап, қалыптастырады. Жүйені одан әрі дамытудың негізгі бағытының бірі – цифрландыру. Азаматтарға заң көмегін онлайн форматта қолжетімді ету, ал мамандардың жұмысын барынша ашық ету жоспарланып отыр.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі азаматтарға туындаған мәселелерді шешуге ғана емес, заңдарды, өз құқығы мен міндетін жақсырақ түсінуге де көмектесуі тиіс. Алматы қаласы Әділет департаментінің бас маманы Жомарт Калила бұл жұмыстың «Заң және тәртіп» саясатының бір бөлігіне айналғанын айтты.
«2025–2030 жылдарға арналған қоғамда „Заң және тәртіп“ идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы бекітілгеннен бері Әділет органдарының барлық іс-шаралары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бүгінде „Заң және тәртіп“ қағидаты әр азамат қорғалған, кез келген құқық бұзушылыққа әділ баға берілетін құқықтық мемлекетті дамытуға арналған стратегиялық платформа ретінде қарастырылады. Әр адамөз құқығын ғана емес, міндетін де біліп, қоғамдағы тәртіптің маңызын түсінуі керек», – деді Жомарт Қалила.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, мемлекет кепілдік берген заң көмегі әлеуметтік осал азаматтарды қорғаудың және сот төрелігіне тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып қала береді. Жүйені одан әрі дамыту құқықтық ақпарат беруді кеңейтуге, қызметтерді цифрландыруға және адвокаттар мен заң консультанттарының жұмысын ашық етуге бағытталатын болады.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі