«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» байқауын өткізу Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген іс-шаралардың бірі.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қадағалау.
Байқаудың міндеттері:
- мемлекеттік тілді дұрыс, сауатты қолдануды насихаттау;
- қоғамдық орындар мен мекемелердегі сауатсыз жарнамаларды анықтап, тиісті орындарға түзетілген нұсқасын ұсыну;
- жарнаманың негізгі мақсаты мен мәніне қарай түрлерін ажыратып, тілдік ерекшеліктеріне талдау жасау.
Биылғы байқаудың ерекшелігі – оған қатысушылар ауқымының кеңейе түсуі. Байқау бірнеше деңгейде өтеді, соған сәйкес өтінімдер:
- 1 маусымға дейін ауылдық округ әкімдігінде;
- 1 шілдеге дейін аудандық/қалалық әкімдіктің тіл саясатын іске асыратын құрылымдық бөлімшелерінде;
- 1 тамызға дейін облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдігіне қарасты тіл саясатын іске асыратын құрылымдық бөлімшелерінде;
- 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінде қабылданады:
Ереженің талаптарына сәйкес байқауға мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, көрнекі құралдарда қазақ тілінің тазалығы сақталуы ісіне үлес қосып жүрген белсенді ұстанымды азаматтар қатыса алады. Яғни, бұл байқау қоғамның әр мүшесін ана тіліміздегі жарнаманың сауатты жазылуына үлес қосуына мүмкіндік береді.