30-31 қазанда Алматыда Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған «Инсультке қарсы күрестің жаһандық стратегиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.

Бірінші күнгі басқосу Құрманғазы көшесі, 44 мекенжайындағы Қабылдаулар үйінде өтсе, екінші күні іс-шара Қазыбек би көшесі, 96 мекенжайы бойынша орналасқан Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жалғасады. Мұнда қатысушыларға практикалық көрсетілім мен шеберлік сабақтары ұсынылады.

Конференция ұйымдастырушылары - ASIAN SOCIETY HEART/BRAIN қоғамдық бірлестігі, Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы және Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы, сондай-ақ Алматы қаласы Конференция Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өтіп жатыр.

Конференция Қазақстан, АҚШ, Италия, Ресей және Украина елдерінің жетекші сарапшыларын біріктірді. Қонақтар арасында профессор Паола Маранголо (Италия), Евгений Сидоров (АҚШ), Алексей Гуцалюк, Дмитрий Буренчев, Кирилл Салимов, Лев Приступюк және өзге де мамандар бар.

Бас тақырыптар қатарында - инсультті емдеудің заманауи тәсілдері, жасанды интеллект рөлі, оңалту мен тамыр жүйесі ауруларының алдын алу мәселелері.

Конференцияны Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы директорының орынбасары
Бағдат Алимбетов ашып, өз сөзінде жыл сайын Қазақстанда 42 мыңнан астам инсульт жағдайы тіркелетінін айтып, бұл дертпен күрес үздіксіз білім мен технологияны жетілдіруді талап ететінін баса атап өтті.

Одан кейін конференцияның негізгі ұйымдастырушысы әрі бастамашысы, «Азия жүрек пен ми қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Айгүл Құдайбергенова сөз сөйледі. Оның бастамашылдығы мен жеке жауапкершілігінің арқасында бұл іс-шара бірнеше жыл қатарынан жоғары кәсіби және ұйымдастырушылық деңгейде өткізіліп келеді.

Іс-шараның басты мақсаты - тәжірибе алмасу және инсульттің алдын алу, диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылау.

Конференцияға бүкіл Қазақстаннан дерлік 300-ге жуық маман - невролог, реаниматолог, нейрохирург, кардиолог, реабилитологтар қатысты.
Пленарлық және секциялық отырыстарда инсульттен кейінгі оңалту, телемедицинаны дамыту және халықтың инсульттің алдын алу жөніндегі сауаттығын арттыру мәселелері қарастырылды.

Конференция инсультпен күрес саласындағы кәсіби пікір алмасу мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың тиімді алаңына айналды.

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының инсульт орталығының меңгерушісі Ләззат Аяғанова жүкті әйелдер арасында кездесетін сирек әрі күрделі инсульт жағдайлары туралы баяндап, көпбейінді тәсіл мен уақтылы диагностиканың маңызын атап өтті.
ҚЖШККА нейрохирург маманы Дархан Жетпісбаев инсультті хирургиялық емдеудің заманауи әдістеріне шолу жасап, нейрохирургия бөлімшесі командасының үйлесімді жұмысының маңызына тоқталды.

Конференцияны ұйымдастырушы, «Азия Жүрек және Ми қоғамы» ҚБ президенті, невролог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Құдайбергенова: «Инсульттің жоғары қан қысымы, қант диабеті, семіздік, темекі шегу сияқты себебі әркімге белгілі. Статистика алаңдатады: 5,6 млн қазақстандық гипертониямен, шамамен 6 млн адам жоғары холестеринмен өмір сүреді. ДДСҰ мәліметі бойынша Қазақстан семіздік деңгейі бойынша алдыңғы бес елдің қатарына кіреді».

Конференция түрлі ел мамандарының тәжірибе алмасуына және инсульттен болатын өлім-жітім мен мүгедектікті азайтуға бағытталған ортақ шешімді талқылауға мүмкіндік берді.