Қысқа бейнероликтерді жасау және көру бойынша жетекші платформа TikTok жыл сайын ұйымдастыратын #УчителяКазахстана байқауының қорытындысын шығарды. Биыл жоба төртінші рет өткізіліп, Қазақстанның барлық өңірлерінен мектеп мұғалімдерін, колледж оқытушыларын және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын біріктірді.

Байқау Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өтті. Салалық ведомстволармен әріптестік бастаманың еліміздегі цифрлық білім беру контентін дамытудағы стратегиялық маңызын және педагогтардың бұл үдерістегі жетекші рөлін айқындайды.

Жоба іске асқан төрт жыл ішінде TikTok платформасында белсенді педагогтар қауымдастығы қалыптасты. Осы уақыт аралығында қазақ және орыс тілдерінде шамамен 100 мыңға жуық білім беру бағытындағы бейнеролик жарияланды. Қысқа формат күрделі тақырыптарды түсінікті тілмен жеткізуге және әртүрлі жастағы аудиторияны қызықтыруға мүмкіндік беретінін авторлар нақты көрсетті.

Алдыңғы жылдардың жеңімпаздары — Ботагөз Омарова, Хайдар Мурзахметов, Байболат Сейдахан, Евгений Солоницын және басқа да педагогтар — көрермендердің кең қолдауына ие болып, олардың бейнероликтері ондаған және жүздеген мың қаралым жинады.

2025 жылғы байқау қорытындысы бойынша мазмұны сапалы, әдістемелік тұрғыдан құнды әрі креативті ұсынылған оқыту бейнелерінің авторлары анықталды. Жеңімпаздар қатарында:

  • Мирлан Джусамбаев (@physicsphenom) — Тараз қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі. Ол күрделі физикалық құбылыстарды көрнекі тәжірибелер мен визуалды мысалдар арқылы түсіндіріп, академиялық білімді практикалық көрсетіліммен ұштастырады. Оның контенті физиканы кең аудитория үшін қолжетімді әрі қызықты етеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Мирлан «TikTok-та үйрен» номинациясының жеңімпазы атанды.

  • Мәди Райымбек (@raiymbek.math) — Шымкент қаласындағы №25 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі. Ол қазақ тіліндегі бейнероликтерінде логикалық есептер мен күрделі тапсырмаларды шешу жолдарын жүйелі әрі түсінікті түрде ұсынады. Контент оқушылардың аналитикалық ойлауын дамытуға және емтихандарға дайындалуға бағытталған.

  • Әсем Рахимова (@rakhimovaassem) — Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі. Ол химиялық тақырыптарды креативті және музыкалық форматта түсіндіруімен ерекшеленеді. Педагог базалық ұғымдарды қарапайым тілмен жеткізіп, пәнді оқушылар үшін түсінікті әрі есте сақтауға жеңіл етеді.

TikTok компаниясының Түркия, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша операциялық бөлім басшысы Мелис Чаглар жобаның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл байқау педагогтың цифрлық дәуірдегі рөлінің өзгеріп жатқанын көрсетіп, мұғалімдердің онлайн кеңістікте кең аудиторияны шабыттандырып, білім берудің жаңа форматтарын дамытуына мүмкіндік береді.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздардың әрқайсысы білім беру контентін кәсіби деңгейде дамытуға арналған сыйлық — iPhone 17 смартфонымен марапатталды.