Астанада жылдың басты әдеби оқиғаларының бірі — «Ұлттық кітап» республикалық байқауы қорытындыланды. Марапаттау рәсімі Ұлттық кітап күні аясында өтіп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен баспа ісінің мамандары, авторлар мен мәдениет қайраткерлері жиналды.

Салтанатты шара Президенттік орталықта өтіп, оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Айта кетейік, Ұлттық кітап күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген еді. Бұл бастама кітап оқитын ұлт қалыптастыруға және әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.

Биыл байқауға 32 баспадан 155 өтінім келіп түсті. Сайысқа соңғы екі жылда жарық көрген туындылар ұсынылды. Жеңімпаздар 9 номинация бойынша анықталды, олардың арасында «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Үздік иллюстрациялық кітап» және «Үздік баспа» аталымдары бар.

Байқаудың ең жарқын қатысушыларының бірі —  «COCOBOOK» балалар баспасы. Олар екі бірдей «Балаларға арналған үздік кітап» және «Үздік баспа» номинациялары бойынша жүлдегер атанды. Бір жыл ішінде осындай биікті бағындыру — жас баспаның аяқ алысы нық, қадамы құтты екенінің айқын дәлелі.

«COCOBOOK» баспасының негізін қалаушы Елена Омарбекова бұл марапат ұжым үшін үлкен мотивация болғанын атап өтті:

 Бұл біз үшін толқыныс пен қуанышқа толы сәт болды. Нарықта жұмыс істеп жатқанымызға небәрі бір жыл болса да, еңбегіміздің еленіп, жоғары бағаланғаны таңдаған бағытымыздың дұрыс екендігінің көрсетеді. Біздің бағытымыз айқын, мақсатымыз нақты. Баспамыз 0-16 жас аралығындағы балаларға кітап шығарумен айналысады, оның ішінде 0-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған кітаптарға басымдық береміз. Барлық туындыларымызды қазақ және орыс тілдерінде оқырманға ұсынып келеміз.

Қазіргі таңда бізді Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының аналары жақсы танып, жоғары бағалап үлгерді. Алдағы уақытта бүкіл еліміздің сүйікті баспасына айналамыз деп нық сеніммен айта аламын».

«COCOBOOK» баспасы бүгінгі кітап нарығындағы өзекті бағыт — балаларды ерте жастан дамыту әдебиетіне маманданған. 0-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған туындылар баланың тілін дамытып, танымын кеңейтуге, сондай-ақ бойына кітап оқу мәдениетін сіңіруге тікелей әсер етеді. Сондай-ақ қазақ тілінде кітап оқуды қалыптастыруда да зор маңызға ие.

Балалар әдебиетін дамыту бүгінде мәдени саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр, өйткені болашақ оқырманның жолы дәл осы алғашқы кітаптардан басталады.

Байқаудың ең мәртебелі марапаты — «Жыл кітабы» аталымында Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің бейімделген нұсқасы «Ұрпаққа аманат» туындысы үздік шықты. Бұл жүлделі орынды кітап авторы Гүлмира Амандықова иеленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлттық кітап» байқауы  отандық авторлар мен баспа ісінің шеберлерін ұлықтайтын бірегей ортаға айналды. Мұндай қадамдар үздік туындыларды саралап қана қоймай, өскелең ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуға жол ашады.

Лия Биличенко