Қазақстандық аспаздар «ШЫҰ жазы - 2026» халықаралық бағдарламасы аясында Қытай Халық Республикасының Циндао қаласында өткен «Асүй патшасы»халықаралық гастрономиялық байқауында күміс жүлдегер атанды. Байқауға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ұлттық асханасын таныстырған үздік бас аспаздар қатысты.
Қазақстан атынан беделді додаға Nar Group компаниясының бренд-шефі Валихан Кин қатысты. Байқау барысында ол дәстүрлі рецепттерді, ұлттық өнімдер мен заманауи гастрономиялық тәсілдерді үйлестіре отырып, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды.
Жеңімпаздар кәсіби қазылар алқасының 70 пайыздық және көрермендердің 30 пайыздық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. Қатысушылар тағамның дәмі, аспаздық шеберлігі, креативтілігі және әртүрлі гастрономиялық дәстүрлерді үйлестіре білуі секілді бірнеше критерий бойынша бағаланды.
Байқау қорытындысында Қазақстан құрамасы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үздік өкілдері арасында екінші орын алып, күміс жүлдені иеленді. Халықаралық қазылар алқасы ұсынылған тағамдардың жоғары сапасын, ерекше ұсынылуын және ұлттық гастрономиялық дәстүрлердің сақталуын жоғары бағалады.
Бүгінде қазақтың ұлттық асханасы әлемдік деңгейде өз орнын нығайтып келеді. Отандық бас аспаздар ірі халықаралық байқаулар мен фестивальдарға тұрақты қатысып, ұлттық тағамдарды заманауи үлгіде ұсынып, қазақстандық аспаздық мектептің жоғары деңгейін таныстыруда.
«Бұл марапат - ең алдымен, қазақ асханасының халықаралық деңгейде мойындалуы. Біз ұлттық тағамдарымыздың әлеуеті зор екенін және әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қызықты бола алатынын көрсетуді мақсат еттік. Әр тағамның артында халқымыздың тарихы, мәдениеті және ұлттық құндылықтарға деген құрмет жатыр. Бұл жеңіс бізге қазақ гастрономиясын одан әрі дамытып, әлемге кеңінен танытуға күш береді», – деді Nar Group бренд-шефі Валихан Кин.
Nar Group компаниясында заманауи қазақстандық гастрономияны дамыту және ұлттық асхананы халықаралық деңгейде дәріптеу компания қызметінің негізгі бағыттарының бірі екені атап өтілді. Сондай-ақ халықаралық кәсіби байқауларға қатысу әлемнің жетекші бас аспаздарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Циндаодағы күміс жүлде - қазақтың ақ дастарханының әлемдік деңгейде өз орнын айқындап келе жатқанының тағы бір жарқын дәлелі. Ұлттық тағамдарымызға деген қызығушылық жылдан-жылға артып, қазақтың дәмі әлем жұртшылығына кеңінен танылып келеді.