Disney және Pixar студиялары ұсынған түпнұсқа анимациялық фильм — «Элио» — Қазақстанда 2025 жылғы 19 маусымда прокатқа шықты. Бұған дейінгі тұсаукесер көрсетілім 10 маусымда Лос-Анджелестегі әйгілі El Capitan театрында өтті. Қазақстандық көрермендер де ресейліктермен қатар фильмді дүниежүзілік премьера күні тамашалады.
Қазақстандағы тұсаукесер және дубляж
Disney және Pixar студияларының жаңа толықметражды фильмі «Элионың» қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларының арнайы көрсетілімі 18 маусым күні Алматы қаласындағы Dostyk Plaza сауда орталығындағы Cinemax кинотеатрында өтті.
Кештің құрметті қонақтары қатарында қазақша дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев және басты кейіпкерлерді дыбыстаған дубляж актерлері болды:
-
Санжар Мәдi — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер және режиссер, фильмнің орысша нұсқасында Гюнтер Мельмакты дыбыстады;
-
Дина Тасбулатова — тележүргізуші және қоғам қайраткері, Наос елшісінің даусын салды;
-
Қуаныш Баймұхамбетов — орысша нұсқадағы Элионың дауысы;
-
Олжас Әлжанов — тележүргізуші және каскадер, Тегмен елшіні дыбыстады;
-
Нұрназар Саржан — фильмнің қазақша нұсқасында басты кейіпкер Элионы дыбыстады.
Тұсаукесерге сондай-ақ қазақстандық медиа саласының танымал тұлғалары қатысты:
комик Мадияр Нурманбетов пен Вероника Ким, олар халықаралық баспасөз туры аясында Сан-Францискодағы Pixar студиясында болған; TikTok жұлдызы Алина Ким (Хома) — «Ойжұмбақ 2» фильміндегі Қызғаныш кейіпкерінің дауысы; блогер Dalbek (Далер Макулбек), BandBoys шығармашылық тобы, Данияр Таипов, фотограф Асқар Бумага және басқа да танымал қонақтар.

Фильм не туралы?
Басты кейіпкер — 11 жастағы армандаушы бала Элио Солис, ол ғарыш туралы бәрін жақсы көреді. Күтпеген жерден ол әртүрлі өркениеттердің өкілдерінен құралған Коммуниверс атты ғаламаралық ұйымға тап болады. Жер бетінің көшбасшысы деп қателесіп, оны планетаның елшісі етіп тағайындайды. Элио енді бөтен ғаламшарлықтармен тіл табысып, галактикааралық дағдарысты еңсеріп, өз орнын тауып, кім екенін түсінуге тырысады.
Неліктен «Элионы» көру керек?
Сиквелдер мен спин-оффтар заманы жүріп тұрған шақта «Элио» — түпнұсқа және жүрекке жылы әсер қалдыратын оқиға. Бұл — есейген шақ, өзіңді қабылдау мен достық туралы жаңаша көзқараспен ұсынылған оқиға. Pixar-ға тән юмор, қиял мен ізгілікке толы мультфильм көрерменнің көңілінен шығары анық.
«Элио» — тіпті ең қарапайым баланың өзі Әлем тағдырына әсер ете алатынын көрсететін шабытты әрі әсерлі хикая. Pixar бұл жолы да терең мағынасы бар, эмоцияға толы фантастикалық әлемді сәтті ұсынды. Керемет анимация, есте қаларлық кейіпкерлер мен бай көркемдік шешім көрерменге шынайы ләззат сыйлайды. Бұл жай ғана мультфильм емес — өзіңді табуға, қиялыңа сенуге шабыт беретін оқиға.
Назира Бурханова
Фотограф Руслан Зиганшин